QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM – қазақ киносының жауһарларына тың көзқарас
«Көзімнің қарасы» фильмі 1994 жылы түсірілген. Режиссері Сатыбалды Нарымбетов. Туынды киносыншы Жорж Садуль сыйлығымен марапатталған. Фильмнің қазақ қоғамымен қатар, әлемдік киносыншылардың жоғары бағасына ие болу сыры неде? Бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қорында Оner Рortal ұйымдастырған QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM жобасында талқыға түсті.
Кинокартина гуманизм, кеңестік солақай саясат пен қарапайым адам өмірі, адам мен ұлттың қалыптасуы мәселесін қозғайды. Бас кейіпкер Ескен сабақ арасында шешесін еміп кететін, ара-тұра аккардеонын арқалап, ауыл адамдарының көңілін көтеретін, ойы да көңілі де пәк бала. Алайда бір түнде НКВД қызметкерлері әкесін айдап әкетеді. Осы жағдай баланы бірден есейтіп жібереді.
Талқылауға қатысушылар өте терең, мағыналы пікір білдірді. Әсіресе, кеңестік дәуірдегі полиция мемлекеті, репрессиялардың көрініс табуы, қазіргі кезеңде картинаға психоанализ, феминистік идеялар тұрғысынан қарауы жобаның өзектілігін тағы да дәлелдей түскендей болды. Кинотанушы Әсия Бағдаулетқызы режиссер кішкентай Ескен арқылы ұлттың тағдырын көрсеткісі келгенді жеткізді.
Айта кетейік, «QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасы АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы мен «Сhevron» компаниясы және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен жүзеге асты.