Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Қостанай облысындағы күндері: білім мен инклюзияға баса назар аудару
Барлық бағыт бойынша сарапшылардың шеберлік дәрістері, балаларды оңалту орталығына бару, белсенді ҮЕҰ-ға ақшалай сертификат беру және Қазақстанның белгілі музыканттары мен солистерінің концерті. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Қостанай облысындағы жоспары.
26-28 сәуір аралығында аймақта Қор күндері өтеді.
Қор күндерінің бағдарламасындағы ерекше тармақтың бірі Рудный қаласындағы «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығына (Володарский көшесі, 1) және инклюзияны қолдау кабинетіне (ИҚК - №17 ОМ, Парковая көшесі, 104) бару болды.
Бұл орталыққа 3 пен 18 жас аралығындағы ерекше қажеттілігі бар балалар келеді. Жылына 600 пациентке қызмет көрсетіледі. Мұнда церебральды сал ауруы, мидың, жұлынның туа біткен ақаулары, нейроинфекцияның салдары т.б. диагноз қойылған балалар жүгінеді.
Мектептің ИҚК-де ерекше қажеттілігі бар 10 балаға қызмет көрсету жоспарланған. Мұнда балаларға жалпы білім беру үдерісіне қатысуға, қатарластарымен бірге оқуға көмектеседі. Кабинет мамандандырылған жиһазбен, жеке және кіші топтық сабақтарға арналған аймақтармен, мұғалімнің жұмыс аймағымен жабдықталған.
«Жас таланттарға қолдау көрсету, өзін-өзі танытуға жаңа мүмкіндік жасау, Қазақстанда инклюзияны дамытуға жәрдемдесу – бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қорының басты міндеті. Біз ұзақ жыл бойы өте маңызды жобаларды бірлесіп жүзеге асырған серіктестерімізге ризамыз. Атап айтқанда, бұл өңір әкімдіктері, Samruk-Kazyna Trust және «Қазақстан халқына» қоры. Олармен тізе қоса отырып «Қамқорлық» жобасын іске асырамыз», - деді орталықты аралаған Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Әлкей Марғұланұлының айтуынша, қазірдің өзінде 15 оңалту орталығы, 8 ерте араласу орталығы, 16 инклюзияны қолдау кабинеті және аутизмі бар балаларға арналған 2 орталық ашылды.
Биыл тағы 12 ерте араласу орталығын, аутизммен ауыратын балаларға арналған 6 орталықты және 6 оңалту орталығын ашу көзделіп отыр.
Қостанай өңірлік университетінің (ҚӨУ) жанындағы цифрлық технологияларды дамыту орталығында мұғалімдерге арналған спорттық робототехника бойынша оқу курсы өткізілді. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен елордалық жетекші «Роботек» робототехника мектебі ұйымдастырған. Аймақтарда өткізілетін курс мұғалімдерге оқыту дағдысын жетілдіруге және оқушыларды робототехника бойынша түрлі турнирлерге дайындауға көмектеседі.
Сонымен қатар, орталықта Smart Сity Astana IT University ғылыми-зерттеу орталығының директоры Д.Еділхан шеберлік дәрісін өткізді.
ҚӨУ-да тәжірибелі медиаменеджер, медиатехнолог Мирхат Әжіғалиев болашақ журналистермен кездесті. Шеберлік дәрісі кезінде БАҚ-қа сапалы материалдар дайындау дағдысы мен тәсілдері, медиа басылымда тиімді жұмыс істеу және т.б. айтылды.
Ауыл шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқандар үшін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Өсімдіктерді қорғау және карантин» кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты В.Хасанов шеберлік дәрісін ұйымдастырды.
Бұған қоса, қостанайлық жоғарғы оқу орнында әлеуметтану магистрі, «Kazakhstan Sociology Lab» әлеуметтанушылар мектебінің басшысы Әлия Сәрсекеева мектептің тұсауын кесіп, «Зерттеушінің жұмысына арналған құралдар» шеберлік дәрісін өткізді. Іс-шараға студенттер мен талдау ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ол әлеуметтанушылар мектебі көптеген әлеуметтік-гуманитарлық ғылымда, саясатты зерттеуде қолданылатын заманауи пәнаралық бағыттар мен әдістерді қамтитынын айтты. Мектеп деректер аналитикасы, эконометрика, ғылымның жаңа пәнаралық саласының тоғысқан жеріндегі деректерді талдаудың заманауи әдістері туралы білім береді.
Шеберлік дәрісі аясында ғылыми үрдістерді зерттеу, маңызды тақырыпты анықтау және ғылыми өнімділікті бағалау, сонымен бірге, әдебиеттерге шолу, мета шолулар және т.б. үшін құралдарға тәжірибелік шолу жоспарланған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Қостанай облысындағы алғашқы күні осылай өтті.