Қостанайдағы білім беру мекемелерінің басшылары мен студенттеріне жастар жобасы таныстырылды
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қызметкерлері Қостанай облысында екінші күні де маңызды іс-шаралар өткізді. Медиа, IT, медицина және ауыл шаруашылығы саласының сарапшылар шеберлік дәріс өткізіп, жастарға арналған жобалармен таныстырды.
Бүгін Қостанай өңірлік университетінің педагогикалық институтында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы оқу орнының басшылығымен және студенттерімен кездесті.
«Қордың жобалары ондаған мың жастарды қамтиды. Аймақтарда 15 орталық, аутизмі бар балаларға арналған 2 орталық ашу арқылы ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға жаңа мүмкіндік жасаймыз. «El umiti», «Мың бала», «Ozyq Urpaq», «Qabilet» жобаларын іске асыра отырып, біз еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушылардың жан-жақты дамуына, мамандық бойынша терең білім алуға көмектесеміз. IT саласындағы, мәдениет бағытындағы жобаларымыз жастардың тың қырынан көрінуіне септігін тигізеді», - деді кездесу барысында Қордың бағыттары туралы айтқан Әлкей Марғұланұлы.
Қостанайдың бірнеше оқу орнында шеберлік дәрістері өтіп жатыр.
Мәселен, Қостанай автожол колледжінде Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «El umiti» корпоративтік қоры студенттерді пікірсайыс өнеріне баулуды ұйымдастырды. Жастар дәлелмен сөйлеу, өз ойын қорғау және т.б. туралы сұрақтарға жауап алды.
Елордалық жетекші «Роботек» робототехника мектебі ҚӨУ жанындағы цифрлық технологияларды дамыту орталығында мұғалімдерге арналған спорттық робототехника бойынша оқу курсын өткізді. Мұндай курстарда жаңа білім нәрімен сусындаған ұстаздар біліктіліктерін арттырады.
Қостанай педагогикалық колледжінде өткізілген «El umiti» қорының білім беру жобаларының роуд-шоуы ерекше оқиғаның бірі болды. Мұнда ең ауқымды әрі маңызды жобалардың таныстырылуы өткізілді.
Тұсаукесер барысында атап өтілгендей, еліміз бойынша 2020 жылдан бастап тек «Мың бала» олимпиадасына ауыл мектептерінің 590 мыңнан астам оқушысы қатысты. 3 жыл ішінде Олимпиаданың 3000 жеңімпазы анықталды, олардың 960-ы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды, тағы 5000-ға жуығы онлайн түрде қосымша білім алып жатыр.
Соңғы үш жылда «El umiti» жобасының 1928 үздік қатысушысы мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды, олардың 30%-дан астамы ауыл мектептерінің түлегі.
«Qabilet» жобасы аясында балалардың қабілеттерін диагностикалау мүмкіндіктері, «Smart ustaz» жобасы арқылы педагогтардың оқушылармен және ата-аналармен тиімді өзара іс-қимыл жасау дағдысы да осы колледжде айтылды.
№1 музыкалық мектепте шығармашылық тәжірибеге негізделген қызықты шеберлік дәрістері өтті.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Талғат Мұсабаев пен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің солисі, Қ.Жұмакенов атындағы флейташылар ансамблінің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі Жібек Сапарғалиева өнер көрсету кезінде тыныс алу тәсілдері, композициялардың кәсіби орындалуы жайлы айтты.
Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Қостанай облысындағы екінші күні аяқталды.
28 сәуірде Қор шеберлік дәрістері өткізеді, белсенді ҮЕҰ ақшалай сертификаттарымен марапаттап, көрнекті қазақстандық музыканттар мен солистер концерт қояды.