Қостанай облысындағы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының күндері ауқымды концертпен және ҮЕҰ миллиондаған теңге беру іс-шарасымен аяқталды
2023 жылғы 26-28 сәуір аралығында Қостанай облысында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының күндері өткізілді. Бұл бағдарламаға арнайы шақырылған сарапшылар бірқатар шеберлік дәрісін өткізіп, Samruk-Kazyna Trust қорымен бірлесіп ашқан «Қамқорлық» оңалту орталығына ат басын бұрды. Бұған қоса, өңір жастарына білім беру жобалары таныстырылды.
3 күн ішінде спорттық робототехника, пікірталас жүргізу, журналистік қызмет, сахнада кәсіби өнер көрсету бойынша шеберлік сағаттары, сонымен қатар, әлеуметтану және стартап жобаларды дамыту саласында оқыту дәрістері өткізілді.
Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасарлары Игорь Рогов және Әлкей Марғұланұлымен кездесті.
Кездесу барысында Қордың жобалары және оларды іске асырудағы серіктестік мүмкіндіктері қозғалды.
Кездесудің маңызды бөлігі екі ҮЕҰ – «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» және «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестіктерінің облыстық филиалын ақшалай сертификатпен марапаттау рәсімі еді. Бұл ҮЕҰ-ға ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау жөніндегі іс-шараларды іске асыруға 2,5 миллион теңгеден берілді.
Қостанай қаласының автожол колледжінде педагогтар мен жоғары сынып оқушылары үшін «Тәуелсіздік дәуірі» турнирі ұйымдастырылды. Бұл әркім Қазақстан басшысы ретінде билікті қолына алып, ел тағдырын шешуге арналған білім беру жобасы. Қатысушыларға ҚР тарихынан түрлі жағдай ұсынылып, олар елді дамыту жөнінде шешім қабылдай алады.
Сонымен бірге, Қостанай медициналық колледжінің студенттеріне Нұрсұлтан Назарбаев Қоры сыйлығының лауреаты Сухраб Жапаровқа шеберлік дәрісі және ҚӨУ педагогикалық институтында студенттеріне, юристтер, сот және құқық қорғау органдарының өкілдеріне Игорь Роговтың дәрісі өткізілді. Қазақстанның конституциялық-құқықтық дамуы туралы айтылды.
Қордың Қостанай облысындағы күндері көрнекті қазақстандық музыканттар мен солистердің – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры сыйлығының лауреаттарының қатысуымен ауқымды концертпен аяқталды. «Жастар сарайы» концерт залына келген өңірдің мыңға жуық тұрғыны мен қонақтары пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты, арт-менеджмент саласындағы PhD докторы Гаухар Тасбергенованың, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ҚазҰӨУ «Вокал өнері» кафедрасының меңгерушісі, «Астана Опера» театрының опера шебері Талғат Мұсабаевтың, Қазақстанның қайраткері, дәстүрлі халық және эстрадалық әндерді орындаушы Ардақ Балажанова, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің солисі, Қ.Жұмакенов атындағы флейташылар ансамблінің көркемдік жетекшісі Жібек Сапарғалиева, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Татьяна Вицинская, Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының солисі, АҚШ-тағы әлемдік орындаушылық өнер чемпионатының қола жүлдегері Анастасия Пикулева, халықаралық байқаулардың лауреаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі Дамир Сәдуақасовтың өнерін тамашалады.