Елбасының «Тәуелсіздік Дәуірі» кітабы Бразилияда жарық көрді
Бразилияның астанасы Бразилиада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың португал тіліне аударылған «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері өтті. Онда Қазақстанның қалыптасуы және дамуының кезеңі туралы әңгімеленеді.
«Тәуелсіздік дәуірі» - португал тіліне аударылған алғашқы қазақстандық кітап.
Елбасының тарихи еңбегінің тұсаукесері Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының, Қазақстанның Бразилиядағы елшілігі және Бразилия Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға Ұлттық конгресс мүшелері, «Бразилия-Қазақстан» парламенттік достық клубының басшысы, сенатор Чико Родригес, сенатор Кристовам Буарке, Бразилия Сыртқы істер министрінің мәдениет және коммуникация мәселелелері жөніндегі орынбасары Марсия Доннер, Бразилия СІМ Ресей және Орталық Азия департаментінің директоры Ари Квинтелла, «Александр де Гусмао Қоры» экономикалық және саяси зерттеулер орталығының президенті Роберто Гойданиш, Бразилия ынтымақтастығы жөніндегі агенттік директорының орынбасары Деметрио Карвальо және басқа да бразилиялық сыртқы саяси ведомстволардың өкілдері, Бразилияда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, қоғамдық қайраткерлер, сондай-ақ БАҚ және бизнес өкілдері қатысты.
Бразилия Сыртқы істер министрінің орынбасары Марсия Доннер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі Қазақстанның тәуелсіздік алуымен және қазіргі заманғы дамуымен тығыз байланысты екенін айта келе, португал тіліне аударылған кітапқа жоғары баға берді. «Мен Қазақстанда елші болған кезде ондағы қоғамның жетістіктер, елдің өсіп-өркендеуінің куәгері болдым, тамаша дәстүрі бар намысқой халықпен таныстым. Осы кітап Бразилия және Қазақстан арасындағы өзара байланысты пен достықты нығайтады деген сенімдемін», - деді Министрдің орынбасары.
Қазақстаннның Бразилиядағы елшісі Қайрат Саржанов «Тәуелсіздік Дәуірі» қазақстанның портуғал тіліне аударылған бірінші кітабы екенін ерекше атап өтті. «Мемлекет Басшысының еңбегі Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының беймәлім тұстарынан мәлімет бергенімен қатар, замануи мемлекетті басқару барысындағы Президентіміздің батыл, сындарлы әрі көреген саясаткер екенін дәлелдейді», - деді қазақстандық дипломат.
Тұңғыш Президент Қорының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметкері Әлкей Марғұлань Қазақстан тарихын зерттеуге қызығушылық танытқан қонақтарға алғыс білдірді. Бүгінгі Қазақстанның негізін салған Президенттің кітабы тәуелсіз елдің қалыптасуының негізгі кезеңдері туралы баяндап, Мемлекет басшысының маңызды басқарушылық принциптер үлгісімен танысуға және бірінші қолдан білуге мүмкіндік беретінін алға тартты.
«Қазақстан көшбасшысының кітабы әртүрлі ой қозғайды, оның бірегейлігі кең ауқымды қауымға арналғандығында және Қазақстанның өткені мен бүгініне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретіндігінде», - деп аяқтады ол өз сөзін.
Тұсаукесер рәсімі аясында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры «Беймәлім Қазақстан» фотокөрмесін ұйымдастырды, сондай-ақ бағдарламаның мәдени бөлімі ұсынылды. Жас қазақстандық музыкант, қобызшы, жас композитор Алмат Сайжан қазақ даласының әуенін түрлі аспаптармен орындап шығып, жиналғандарды тәнті етті.