Қор стипендиаты Шырайлым Бектұрғанова: «Қазақстанның атын әлемдік деңгейге шығарғым келеді»
Тараздың тумасы болашақ сәнгер Шырайлым Бектұрғанова М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Сән дизайны» мамандығының төртінші курсында оқиды. Біздің стипендиат ғылыми қызметпен айналысып, белсенді өмір салтын ұстанғанды ұнатады.
«Маған шығармашылықпен айналысу басты дүние деп білемін. Ой-қиялдан туған заттарды жасау және оны ұнатып алған адамдардың көздеріндегі қуанышты көру мен үшін басты мақсат. Адамдарға сән арқылы, көңіл күй сыйлау бұл бақыт», - дейді Шырайлым Бектұрғанова.
Ол «Студент және ғылым: іздеу, таным, серпіліс» тақырыбында өткен XXV студенттер арасындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияның I дәрежелі дипломымен, «Заманауи дайындау технологияларын пайдалана отырып, былғары өнімдерін жасау» тақырыбында студенттік ғылыми-тәжірибелік конференцияның ІІ дәрежелі дипломымен марапатталған. ҚР Кіші Ғылым академиясының ХVIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында III дәрежелі диплом иегері атанды.
2022 жылы Воронежде өткен «Флора патшалығында» халықаралық фотография, сәндік және бейнелеу өнері байқауына қатысып, 3 орын алған. Aspara fashion week халықаралық сән апталығының «Рresentation of modern types of Kazakh National hats based on the analysis» тақырыбымен IX маусымына қатысып, «Сән дизайны» білім беру бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасындағы республикалық пәндік олимпиадада ІІІ орынға табан тіреген. Алматыда өткен X халықаралық жас дизайнерлер байқауы «Жас Өркен-2023» байқауында «Дебют» номинацисында екінші орын алған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры туралы өзінің жетекшісінен білгесін әрі қарай өздігінен ізденіп, Қордың шығармашыл жастарға идеясын жүзеге асыруына болатынын біліпті. Өтінімі қабылданып, өзін сол тізімнен көргенде төбесі көкке бір елі ғана жетпей, еселі еңбектің әрдайым жемісті екенін түсінген.
«Қоры мен үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, жас дизайнерлерді қолдау. Қазақстанның атын әлемдік деңгейге шығару басты мақсатым. Өзімнен кейінгі өсіп келе жатқан шығармашыл жастарға, жаңа дүниелерді шығаруда тоқтамаңдар деп айтқым келеді. Біз секілді өскелең ұрпақ барда халқымыздың дүниетанымы әлі-ақ әлемдік деңгейге шығары анық», - дейді Шырайлым Бектұрғанова.