«Дағдыларды дамыту – мүмкіндіктерді арттыру»: дағдыларды дамытамыз, болашақты құрамыз
Ақтау қаласында қолға алынған «Дағдыларды дамыту – мүмкіндіктерді арттыру» жобасы жастарды қолдауға және олардың кәсіби әрі тұлғалық дағдыларын дамытуға, сәтті жұмысқа орналасуына және өзін-өзі танытуына бағытталған. Бұл әлеуметтік жобаны «Parasat Aktau» қоғамдық бірлестігі Нұрсұлтан Назарбаев Қорының гранттық қолдауының арқасында ұйымдастырды.
– Жастар - қоғамымыздың болашағы, ал олардың дамуына инвестиция салу – өңірдің тұрақты өсуінің негізін қалау деген сөз. Жоба аясында көшбасшылық, шешендік өнер, қаржылық сауаттылық бойынша оқыту семинарлары мен тренингтер, сондай-ақ желілік кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Бұл іс-шаралар жастардың өзіне деген сенімділігін арттыруға, қаржыны басқару дағдыларын, командада жұмыс істеу және тиімді қарым-қатынас жасау қабілетін дамытуға көмектеседі, - деді жоба жетекшісі Толқын Құсайынова.
Жобаның нәтижесі көрініп-ақ тұр. Қазірдің өзінде 50-ден астам қатысушы семинар мен тренингке қатысты, 7 желілік кездесу мен 4 тренинг ұйымдастырылды, «Тіл шеберлігі» атты жаңа курс ашылды, сондай-ақ тәжірибе алмасу және өзара қолдау көрсету үшін жастар қауымдастығының чаты құрылды.
– Қол жеткізген нәтижелерімізбен мақтанамыз, бірақ мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы жоспарымыз – жобаны басқа қалалар мен өңірлерде жүзеге асыру, онлайн форматты енгізу арқылы қамтуды арттыру, сондай-ақ жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу, - деді Толқын Құсайынова. – Бұл жоба жастарды дамыту арқылы болашақ құруға болатынын дәлелдейді. Әркімнің өзін-өзі сынап көруге мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Бізді қолдағандардың барлығына алғысымызды білдіреміз және үлкен жетістіктерге бірге жететінімізге сенімдіміз.
Бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор. Ол жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, жастарды бизнес ашуға шабыттандырады, жұмыс берушілермен байланысын нығайтады және жергілікті еңбек нарығындағы өзара қатынасты жақсартады. Қатысушылар бұл жобаны кәсіби және тұлғалық дамуға апарар маңызды қадам ретінде атап өтті.