Доступная реабилитация: в Саркандском районе начал работу четвёртый районный центр «QH»
16 қаңтар күні Жетісу облысының Сарқан қаласында оңалту орталығы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы қатысты.
Сарқан аудандық орталық ауруханасының базасында мүгедек балаларға арналған «QH» төртінші аудандық оңалту орталығы ашылды. Орталық жыл сайын Сарқан, Алакөл және Ақсу аудандарында тұратын нейро-ортопедиялық ауруы бар 600 балаға дейін қабылдай алады.
Орталық Жетісу облысы әкімдігінің, «Қазақстан халқына» қоры мен Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бірлескен еңбегінің арқасында ашылды.
Әкімдік балаларды оңалтуға жайлы жағдай жасау үшін орталық ғимаратын беріп, бірыңғай дизайн-тұжырымдамаға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.
«Қазақстан халқына» қоры орталықты заманауи оңалту жабдықтарымен толық қамтамасыз етті. Құрылғылардың ішінде Ottobock вертикализаторлары, Rifton велосипед тренажерлары мен жүйелері, Tyrostation көпфункционалды тренажерлары, «Атлант» пневмокостюмдері, инновациялық «Головастик» және «Кузнечик» төсеу жүйелері, сондай-ақ гидротерапияға арналған иммерсиондық ванна бар. Орталықта сенсорлық бөлме, тұз шахтасы және шунгит бөлмесі қосымша жабдықталған.
Орталыққа маман даярлауды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырды. Барлық маман халықаралық стандарттарға сай жоғары сапалы оңалту қызметін ұсыну үшін біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Орталықта невропатолог, реабилитолог, логопед, ЕДШ нұсқаушылары, дефектолог, психолог пен еңбек терапевті сынды көпсалалы ұжым жұмыс істейді.
«Мұндай орталықтардың ашылуы отбасыға үйден алысқа ұзамай-ақ, білікті көмек алуға мүмкіндік береді, уақыт пен ресурс үнемдейді. Бұл мүгедектігі бар ауыл балаларына қолжетімді әрі сапалы медициналық инфрақұрылым құру жолындағы тағы бір қадам», – деді «Қамқорлық Қоры» КҚ директоры Арайлым Еркінова.
Орталық «QH Аудандық оңалту орталықтары» жобасының бір бөлігі саналады. Бұл жоба ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамытуға және оңалтуды қолжетімді етуге бағытталған. Жоба аясында еліміз бойынша тағы осындай 16 орталық ашу жоспарланып отыр.