«Қайтарылған есімдер» диалог алаңы – ерлерді еске алу

Тұңғыш Президент музейі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Тарих беттері» жобасын іске асырып келеді.
Бұл цикл тарихи жадыны сақтау мен қазақстандықтардың фашизмді жеңудегі ерен ерлікті ұғынуға бағытталған.
Бүгін «Қайтарылған есімдер» диалог алаңының жұмысы ұйымдастырылды. Іс-шараның форматы – ашық және бейресми. Бұл тағдыр, адамгершілік жауапкершілік және жадыны миссия ретінде сақтау туралы шынайы әңгіме болды.
Талқылау барысында жас ұрпақтың зерттеу жұмысын жалғастырып, сол кездегі адамдар мен оқиғалар туралы деректерді сақтаудағы ерекше рөлі атап өтілді.
Іс-шараның құрметті қонағының бірі Майдан Көмекұлы Құсайынов болды. Ол профессор, іздеу тобының жетекшісі. Оның еселі еңбегінің арқасында майдан даласында қаза тапқан көптеген жауынгердің есімі анықталды. Майдан Көмекұлы талай жылдан бері Санкт-Петербург маңындағы Синявин батпақтары мен биіктерінде іздеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан жасақты басқарып келеді.
Айта кетейік, «Тарих беттері» жобасы еліміздің өткенін зерттеуге әртүрлі әлеуметтік топтардың қатысуына ықпал етеді. Жоба түрлі ұрпақ өкілдері Қазақстанның саяси және мәдени тарихындағы маңызды оқиғаларды талқылай алатын, білімі мен пікірін айта алатын интерактивті алаңдар құруға бағытталған.