Балалардың игілігі үшін инновация мен тәжірибе алмасу: Астанада оңалтуды дамыту мүмкіндігі талқыланды

Назарбаев орталығында «Балаларды оңалтудағы инновациялық тәсілдер: технологиядан нәтижеге дейін» атты ауқымды халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференциясы Ұлттық балаларды оңалту орталығы (ҰБОО) ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және 20 елден келген 300-ден астам маман қатысты. Олардың ішінде жетекші реабилитологтар, неврологтар, ДДҰ, ЮНИСЕФ өкілдері, сондай-ақ, Франция, Италия, Қытай, Ресей және т.б. елдердің сарапшылары бар.
Конференция барысында қатысушылар балаларды ерте кезеңнен кешенді оңалту, нейропсихология, педиатриялық неврология саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты.
Физикалық медицина, нейрокогнитивті ынталандыру, цифрлық оңалту және ерекше қажеттілігі бар балалардың кәсіби бағдарлануы сынды тақырыптар ерекше назарда болды.
Конференция қорытындысы бойынша ДДҰ-ның «Оңалту 2030» жаһандық бастамасын жүзеге асыруға бағытталған қарар қабылданды. Бұл бастама оңалту қызметтерінің барлық деңгейде қолжетімді әрі жүйелі болуын көздейді.