news-img

Бүгін әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі басталды – бұл жыл сайын азаматтық бастамалар алаңында маңызды оқиғаға айналып келе жатқан шара. Биылғы жылдың тақырыбы – «Қазіргі әлемдегі жастар мен жасөспірімдерді қолдау: сын-қатерлер мен шешімдер».

 

Еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген адам онлайн форматта жиналып, жасөспірімдер мен жастарға заманауи сын-қатерлермен күресуге көмектесетін жобасын ұсынды. Бұл жобалар цифрлық қауіпсіздік, зорлық-зомбылықтың алдын алу, психоэмоционалдық саулық, кәсіби қалыптасу сияқты түрлі өзекті бағыттарды қамтиды.

 

Жәрмеңкенің жүрегінде – әлеуметтік жобалар байқауы. Бұл – азаматтық бастамаларға шынайы өмірде жүзеге асу мүмкіндігін беретін алаң. Биылғы байқауға 130-дан астам өтініш келіп түсті, оның ішінен 50 үздік жоба финалға жолдама алды. Әр жобадан жастардың өмірін жақсартуға деген шынайы талпыныс көрініп тұр.

 

Жәрмеңкенің алғашқы күнінде қатысушылар «Жастар мен жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігі» және «Зорлық-зомбылықсыз болашақ: алдын алу шаралары» атты екі номинация бойынша жобаларын ұсынды. Ертең - «Ертеңгі күннің көшбасшысы: жастар мен жасөспірімдердің кәсіби дамуы» номинациясы бойынша жоба қорғау, сондай-ақ, ҮЕҰ мен белсенділерге арналған онлайн-тренингтер өтеді.

 

Жәрмеңкенің білім беру бөлігі – тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаң. Sector X инклюзивті радиосының тәлімгері әрі продюсері Сәуле Алпысова БАҚ-пен тиімді байланыс орнату мен бастамалардың мәнін жеткізу жолдарын бөліседі. ҚБТУ профессоры, Алматы қаласы Азаматтық альянсының президенті Қайыржан Әбдіхалықов мықты команда қалай құрылады және ҮЕҰ-ға ішкі этика не үшін қажет деген тақырыптарды қозғайды. «Инмир» қорының директоры, фасилитатор Светлана Ушакова адвокация, диалог пен тұрақты әрекет арқылы идеялар қалай нақты саясатқа айналатынын айтады.

 

Жәрмеңке соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының грантына ие болған үздік жобалар жарияланады. Алайда іс-шараның шынайы құндылығы марапатта емес. Ең бастысы, бұл жерден елімізде қаншама мықты, адал әрі парасатты идеялардың өмірге келіп жатқанын көру.

 

Бөлісу