news-img

Елордада Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) бастамасымен жарық көрген «Кье, дала қыраны» атты иллюстрацияланған кітаптың тұсауы кесілді.

 

Іс-шараға Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігі, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және TAN Art Residency қолдау көрсетті. Тұсаукесерге мектеп оқушылары, студенттер, ҚБСҚ өкілдері мен табиғат қорғау саласының мамандары қатысты.

 

Кітапта дала қыранының тіршілігі қоректену тәсілі, мінез-құлқы, маусымдық қоныс аударуы мен бүгінде бұл құс түріне төнген қатерлер ғылыми негізде кеңінен сипатталған. Басылым бастауыш және орта буын оқушыларына арналғанымен, орнитологияға және табиғатты зерттеуге қызығатын барлық оқырман үшін қызықты болмақ. Кітапта шынайы ғылыми деректер негізінде дала қыраны туралы толық мағлұмат ұсынылған.

 

Балаларға арналған көркем кітап – күрделі ғылыми ұғымдарды қарапайым әрі әсерлі түрде жеткізудің таптырмас құралы. Көңілге қонымды бейнелер мен сюжеттер арқылы жас оқырман қыранның әлемін сезініп, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйренеді. Бұл кітапта дала қыранымен қатар, өзге де тіршілік иелері бейнеленіп, тұтас экожүйенің көркем суреті жасалған. Оқырман дала өміріне сол мекендеушілердің көзімен қарауға мүмкіндік алады, – деді кітап авторы Дарья Скляренко.

 

Іс-шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы да сөз сөйлеп, бұл құстың сирек кездесетінін, қайталанбас жаратылыс иесі екенін және оның еркіндіктің, болашаққа ұмтылыстың және тәуелсіздіктің айқын бейнесі екеніне тоқталды. «Сондықтан дала қыранын зерттеу мен оны қорғау еліміз үшін аса маңызды міндет», – деді ол.

 

Ұлыбритания Елшілігінің экономика және климаттың өзгеруі жөніндегі бірінші хатшысы Кэти Котрелл Корольдік құстарды қорғау қоғамының Қазақстандағы ҚБСҚ-мен ұзақ жылғы әріптестігін атап өтіп, елдегі биоалуантүрлілікті сақтау ісіндегі ынтымақтастыққа жоғары баға берді.

 

Тұсаукесер кезінде кітаптың еліміздің мектептері мен музейлеріне тегін таратылатыны да айтылды. Бұл басылым ұстаздар үшін ашық сабақтар өткізуге арналған тамаша оқу құралы болмақ.

 

Бөлісу