news-img

22 жастағы Дильназ Омарханова Қазақ ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер» мамандығы бойынша 4-курс студенті. Музыкаға құштар, өзін-өзі дамытуға деген талпынысы зор дарынды жас опера әншісі Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты атанған. 

Табыс сыры 
 
5 жасынан музыка әлеміне қадам басқан Дильназ 8 жасында кәсіби музыка мектебіне түсіп, вокалмен қатар прима қобыз аспабын меңгерген. Оның айтуынша, өнер мен өмір егіз ұғым. Шынайы шеберлікке тек талмай еңбектеніп, жан-тәніңмен өнерге берілгенде ғана қол жеткізуге болады деп санайды. 

Дильназ үшін опера жай ғана өнер емес, жан тереңдігін, сезім мен сырды жеткізудің қайталанбас тілі. Музыка, поэзия, драма мен актерлік шеберліктің тоғысуы оның жүрегіне шабыт беріп, дауыстық қана емес, рухани шеберлігін де шыңдайды. Ол опера арқылы көрерменнің жүрегін қозғап, сезімді сөзбен емес, үнмен жеткізуді мақсат тұтады.

Жетістіктері

XLI Республикалық жас орындаушылар байқауы – 1 орын;
Ә.А. Оспанованың 80 жылдығына арналған І Республикалық вокалистер байқауы – 3 орын;
«Абай арманы» республикалық вокалистер байқауы – 3 орын;
«Триумф» халықаралық байқауы (Омбы) – Гран-при;
XV Республикалық пәндік олимпиада («Опералық ән салу») – 3 орын.

Қор шәкіртақысы

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының шәкіртақысы туралы Дильназ бірнеше жыл бұрын естіген. Оның айтуынша, университетке жіберген талабын көріп, ешқандай қиындық жоқтығын білгесін бірден өтініш беруді ұйғарған. 

Дильназ үшін бұл стипендия тек марапат емес, үлкен сенім мен жауапкершіліктің белгісі. Бұл оның еңбегімнің бағалануы ғана емес, жаңа биіктерге қол жеткізуге жігер беретін шабыт көзі. Әрі өнер жолындағы қажырлы еңбегінің өтеуі және елдің мәдениет пен өнерге қосқан үлесі.   

Жастарға берер кеңесі 

«Өмірде өз жолыңды табу – ең үлкен жетістік. Егер өнерді таңдасаң, оған бар жан-тәніңмен беріл. Арманыңнан қорықпа, алдыңа биік мақсат қой және әр қадамыңда еңбектенуді ұмытпа. Өнерге деген адалдық пен табандылық сені биік белестерге жетелейді», - дейді Дильназ Дәулетқызы

Бөлісу