Қазақстан әлемдік сиқыр сахнасында: Жеңіс Айтжанов Туринде өткен FISM 2025 байқауына қатысты

2025 жылы шілде айында Италияның Турин қаласында FISM World Championship of Magic – сахналық сиқыр өнері саласындағы ең ірі халықаралық дода өтті. Бұл байқау үш жыл сайын ұйымдастырылып, әлемнің түкпір-түкпірінен ең үздік иллюзионистердің басын қосады. Биыл оған 50-ден аса елден бес мыңнан астам адам қатысты.
Қазақстан атынан ел намысын ерекше жанрдың өнерпазы, қоғам белсендісі әрі Гиннестің рекордтар кітабына бес мәрте енген рекордшы Жеңіс Айтжанов қорғады. Оның тиынмен жасаған манипуляциядан бастап Алматыға арналған алып Рубик кубигі мозайкасына дейінгі жобалары еліміздің мәдени мұрасына айналды.
Жүлделі орын алмаса да Жеңістің байқауға қатысуы жеке дамуы мен Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын нығайту жолындағы маңызды қадам еді. Ол баға жетпес тәжірибе жинақтап, заманауи иллюзион өнерінің даму бағытын біліп, жанрдың майталман мамандарымен байланыс орнатып, елімізге тың идеялар алып келді.
Жеңістің басты мақсаты қазақстандық сиқыр мектебінің деңгейін халықаралық сахнада көрсету ғана емес, сондай-ақ, мәдени көпір орнатып, жаңа білім мен тың тәжірибе жинақтап, оны отандық иллюзия өнерін дамытуға бағыттау еді. FISM байқауына Нұрсұлтан Назарбаев Қорының грантының арқасында қатысқан. Бұл бір ғана өнерпазға көрсетілген қолдау емес, тұтас еліміздің креативті индустриясы мен өнердің жаңа бағытын өркендетуге салынған стратегиялық инвестиция.
FISM – иллюзионистер әлеміндегі Олимпиада іспетті. Мұнда ұлттық және құрлықтық сайыстың жеңімпаздары бас қосып, өнерін паш етеді. Бір апта бойы жанрдың әйгілі өкілдері дәріс оқып, шеберлік сағат өткізіп, трюктердің құпиясын ашып, сахналық өнерде мансап құрудың қыр-сырын үйретеді. Көрермен психологиясы, сахнада өзін ұстау мәдениеті де талқыланады. Мұның барлығы сиқырды жай таңғажайып көрініс емес, театр мен технология тоғысқан шынайы сахналық өнер деңгейіне көтергісі келетіндер үшін баға жетпес мүмкіндік.