Ұлы Абайды еске алу кеші: бес тілдегі мұра

Ұлы ойшыл, ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының мұрасы – халықтың мәңгі шамшырағы. Оның терең ойлары уақыт өткен сайын жаңғырып, сан ұрпақтың санасын оятып, өзектілігін жоғалтпай келеді.
Назарбаев орталығында хакім Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай жыр кеші өтті.
Іс-шараны «Tan Art Residency» креативті алаңы мен Poetry Events бірлесе ұйымдастырып, оған Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейі қолдау көрсетті.
Жыр кеші сан түрлі мәдениет пен сан алуан ұрпақты жалғаған рухани көпірге айналды. Абайдың кемел ойы мен асқақ сөзі бес тілде өрнектелді:
• қазақ тілінде — ҚР Тұңғыш Президенті музейінің жетекші сарапшысы Қоңыршин Қайыржан;
• ағылшын тілінде — Poetry Events шығармашылық кездесулерінің бас дизайнері Аяулым Қуандықова;
• орыс тілінде — Абай шығармасына арнаған эссенің авторы Валерия Рубцова;
• жапон тілінде — тьютор, шет тілдерін оқытушы Қуат Кеңесов;
• корей тілінде — Тұңғыш Президент музейінің экскурсиялық бөлімінің аға ғылыми қызметкері Әсет Тәттім Ардаққызы.
Кештің ажарын ашқан ең бір сәт Қайрат Қанатов орындаған «Көзімнің қарасы» әні болды.
Әуезді саз бәрін баурап, жүректі тербеп, қонақтарды бір арнаға тоғыстырды. «Жанды сөз» атты интерактивті бөлімде қатысушылар Абай шығармаларынан үзінді оқып, жан сырын бөлісті. Ал кеш соңында өткен «XXI ғасырдағы Абай» атты ойталқы Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы орнын жаңаша пайымдауға жол ашты.
Кештің атмосферасы ашық диалогқа, шабытқа толып, шығармашылық зиялы қауым мен жастардың, әдебиетсүйер қауымның басын қосты.