«Егемендік жолы»: тарих, даму және жетістік

Бүгін ашылған «Егемендік жолы» көрмесі Қазақстанның мемлекеттік егемендік алуына, ел тәуелсіздіктің ел дамуына қосқан рөлі мен республиканың жеткен зор табыстарына арналған.
Көрме Президенттік орталық пен Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бірлесіп ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған көрме орталық ғимаратында орналасқан.
Көрме бірнеше бөлімнен тұрады. Онда Декларацияның қабылдануына негіз болған тарихи алғышарттар, оның саяси және құқықтық негіздері – унитарлы мемлекет пен аумақтық тұтастық қағидаттары көрсетілген. Сондай-ақ, қазақ халқы мен еліміздегі өзге этностардың төл мәдениеті мен дәстүрлерінің жаңғыруына қатысты мәдени-рухани аспекттер кеңінен қамтылған.
Көрменің ашылу рәсімінде 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Декларацияға дейін бірнеше ай бойы қоғамда қызу пікірталас мен талқылау болғаны, сол тарихи үдерісте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың белсенді атсалысқаны атап өтілді.
2022 жылы маусымда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күнін қайта жаңғыртып, оған ұлттық мереке мәртебесін қайтару жөнінде бастама көтерген еді. Бұл шешім Қазақстанның жаңа дәуірдегі тарихының бастау нүктесін айқындай түсті.
Спикерлердің айтуынша, Декларацияның тарихи маңызы оның мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын бекітіп, Қазақстан Республикасының шынайы тәуелсіздігіне нақты мазмұн бергенінде. Сонымен қатар, бұл құжат қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы мен мәдени дәстүрлерін еске салып, ұлттық сананы жаңғыртуға негіз қалады.