news-img

Теміртауда Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша грант иегері атанған «Кітап – денсаулық пен білім бұлағы» атты жоба мәресіне жетті.

Жобаны «Кредо» қоғамдық бірлестігі ұсынды. Жеті ай бойы жоба жетекшісі Надежда Козаченко бастаған топ Теміртаудың қарт тұрғындарын қолдауға бағытталған бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Оған әлеуметтік педагог Светлана Алимова, психолог Айсұлу Малаева, кітапханашы Эльмира Менешева және әдіскер Алена Загидуллина атсалысты.

Жоба аясында апта сайын библиотерапия сабақтары, дауыстап оқу, қазақ тілін үйрету курстары, сондай-ақ қолөнер мен театр өнері бойынша шеберлік дәрістері ұйымдастырылды. Әсіресе, қатысушылардың қарым-қатынас дағдысын дамытуға, есте сақтау қабілетін жақсартуға және психологиялық жайлылықты қамтамасыз етуге ерекше мән берілді.

Жобаға 60 пен 83 жас аралығындағы қырыққа жуық адам қатысты. Іс-шаралар барысында қатысушылар актерлік шеберліктің негіздерін меңгеріп, төрт шағын спектакль дайындап, костюмдер мен сахналық бұйымдар жасады.

Жобаның маңызды бағытының бірі – Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілерімен жұмыс істеу болды. Қарт қатысушылар халық ертегілері желісі бойынша қуыршақ қойылымдарын сахналап, өздері жасаған жабыстырмалы кітапшаларды балаларға сыйлап, қарым-қатынас орнатты.

Жобаны қорытындылауға арналған іс-шараға қоғамдық ұйымдар мен қалалық кітапхананың өкілдері, еріктілер және қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар «Алдар Көсе мен сараң бай» атты театр қойылымын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

«Қатысушылар өздерін қоғамға қажет, жаңа тәжірибені қабылдауға дайын және өзіне сенімді сезінді. Оқу, шығармашылық және қарым-қатынас олардың өміріне қуат пен шаттық сыйлады», - деп жоба жетекшісі Надежда Козаченко бұл бастаманың аға буын өкілдері үшін әлеуметтік бейімделудің тиімді түріне айналғанын атады.

Жоба аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсетудің, олардың бастамаларын қолдаудың және шығармашылық тұрғыда өздерін танытуына мүмкіндік берудің маңызын айқын көрсетті. Мұндай бастамалар белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы байланысты нығайтуға зор үлес қосады.

Бөлісу