Астанадағы №35 мектеп-лицейінде «Егемендік – Тәуелсіздік негізі» атты дәріс-экскурсия өтті

2025 жылғы 21 қазанда Астана қаласы әкімдігінің Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінде Тұңғыш Президент Музейінің «Тарих парақтары» ақпараттық жобасы аясында «Егемендік – Тәуелсіздік негізі» атты көшпелі дәріс-экскурсия өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Республика күніне және Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануына 35 жыл толуына арналды. Дәріс барысында оқушыларға Декларацияны қабылдаудың тарихи және саяси-құқықтық алғышарттары туралы мағлұмат беріліп, оның Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы маңызы кеңінен түсіндірілді.
Оқушылар Декларацияның негізгі ережелерімен, сондай-ақ оның егемендік идеяларын дамытудағы рөлімен танысты. Сонымен қатар, егемендік жылдарындағы еліміздің жетістіктері мен мемлекеттілікті нығайтудың маңызды кезеңдері талқыланды. Экскурсия барысында тыңдаушылар назарына архивтік құжаттардың түпнұсқалары, мемлекет басшыларының қолтаңбасы қойылған сирек басылымдар мен Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын көрсететін жәдігерлер ұсынылды.