news-img

«Қамқорлық» бастамасының 5 жылдық мерейтойы аясында 19 желтоқсанда «Қамқорлық қорының» командасы Орал және Атырау қалаларына барып, оңалту орталықтарын қызметінің бес жылдығымен құттықтады.

Кездесулер әрдайымғыдай жылы әрі шынайы атмосферада өтті. Орталық мамандары балалармен бірге қонақтарға арнап шағын бағдарлама дайындады — әсерлі, шынайы және ерекше эмоцияға толы болды. Өз кезегінде қор командасы қызметкерлерге алғыс хаттар мен сыйақылар табыстап, олардың кәсібилігі мен адал еңбегіне құрмет көрсетті.

Алғашқы сапар Орал қаласында өтті. Бес жыл ішінде «Қамқорлық» оңалту орталығы 3518 баланы қабылдады. Олардың 450-і алғашқы қадамдарын жасап, 342 бала алғаш рет сөз сөйледі. Бұл көрсеткіштердің артында орталық ұжымының күнделікті еңбегі мен әр баланың мүмкіндігіне деген сенім жатыр.

Күннің қорытынды нүктесі Атырау қаласы болды. Мұндағы «Қамқорлық» оңалту орталығы 5 жыл ішінде 4096 баланы қабылдады. 347 бала өздігінен жүре бастаса, 379 бала алғашқы сөздерін айтты — бұл отбасылар мен орталық мамандары үшін аса маңызды жетістіктер.

Аталған сапарлар «Қамқорлық» бастамасының 5 жылдығына арналған мерейтойлық кездесулер сериясын қорытындылады. Осы уақыт ішінде қор командасы еліміздің әр өңіріндегі орталықтарға барып, балалар мен олардың отбасыларының өмірін жақсартуға үлес қосып жүрген мамандарға шынайы алғысын білдірді.

Бөлісу