news-img

24 желтоқсанда Қарағандыда аутизм және басқа да менталдық ауытқуы бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы салтанатты түрде ашылды. Оған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директорының орынбасары Аман Төрегелдин, «Қазақстан халқына» қоры басқарма мүшесі, бағдарламалар мен жобалар жөніндегі басқарушы директор Серікбек Елшібеков және «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.

 

Орталық Қарағанды облысы әкімдігі мен үш қордың серіктестігі негізінде құрылды. Әкімдік ғимарат бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай брендбук тұжырымдамасына сай кеңістік қалыптастырды. Ал жиһаз бен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау «Samruk-Kazyna Trust» және «Қазақстан халқына» қорларының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Маман даярлау Нұрсұлтан Назарбаев Қорының көмегімен ұйымдастырылды.

 

«Қамқорлық» орталығы 3 пен 18 жас аралығындағы 125 балаға тегін көмек көрсетуге арналған. Жұмыс барысы әр баланың ерекшелігін ескере отырып, кешенді тәсіл мен жеке даму бағдарламалары негізінде ұйымдастырылған.

 

Жобаны жүзеге асыру барысында материалдық-техникалық жабдықтауға ерекше көңіл бөлінді: жиһаз бен құрал-жабдықтар диагноздардың ерекшелігін, қауіпсіздік талаптарын және халықаралық тәжірибеде дәлелденген тиімділікті ескере отырып, Еуропаның үздік өндірушілерінен таңдап алынды.

 

Болашақта орталық қызметкерлері екі жылдық біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Бағдарлама аясында мамандандырылған курстар, тренингтер мен отандық және шетелдік сарапшылардың семинарлары қарастырылған.

 

Орталыққа Қарағанды қаласынан ғана емес, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск, Бұқар Жырау және Нұра аудандарынан келген балалар да келе алады. Орталық Ермеков көшесі, 93-үйде орналасқан.

 

Естеріңізге салайық, 22 желтоқсанда дәл осындай орталық Түркістанда ашылған болатын. 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанда аутизм мен менталдық ауытқуы бар балаларға арналған 9 орталық жұмыс істейді. Олар: Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Өскемен және Шымкент қалаларында орналасады.

Бөлісу