Елбасы «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» марапаттау рәсіміне қатысты
Қазақстанның Тұңғыш Президенті 29 тамыздың жаһандық антиядролық қозғалыс үшін тарихи күн екендігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев тарих сабақтарына қарамастан дүниежүзінде ядролық державалар арасында шиеленіс пен сенім дағдарысының пайда болғанын атап өтті.
– Әлемдік ядролық арсеналдың 90%-дан астамына ие АҚШ пен Ресейдің арасындағы геосаяси дағдарыс елеулі теріс соққыларға себеп болды. Тараптардың арасындағы технологиялық қарулану жарысының жаңа кезеңі, оның ішінде ғарыш саласындағы бәсекелстік үлкен алаңдаушылық туғызады. Қазақстан бір тарабы болған аралық және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы Шарт толықтай өз күшін жоғалтты, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлемде ядролық қару террористік ұйымдардың қолына түсу қаупі төніп тұрғанын атап өтті.
– Әлемнің 20-дан астам елінде қауіпті ядролық материалдар сақталады, олардың әрқайсысы жойғыш күштердің нысанасына айналуы мүмкін. Жасанды интеллектке қарағанда күрделі мәселелерді шеше алатын жан-жақты жасанды интеллект дәуірі жақындап келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы ядролық қаруы бар тоғыз елдің ешқайсысы әскери бағдарламаларды қысқартуды қарастырмайтындығына байланысты қауіп-қатерлерге тоқталды.
– Басқаша айтқанда, адамзат өз дамуының бұрын-соңды болмаған күрделі кезеңін бастан кешуде. Өсіп келе жатқан агрессия мен жаһандық деңгейде өзара сенімділіктің төмендеуі жағдайында осы проблемалардың кез-келгені әлемдік қауымдастықты бақылаусыз хаосқа итермелеуі мүмкін. Бұған тек саясаткерлер ғана емес, әлемнің әр түкпіріндегі қарапайым адамдар да қатты алаңдаулы», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы барлық негізгі халықаралық шарттардың қатысушысы екендігін атап өтті.
– Биыл Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылғанына 25 жыл толды. Екі ай бұрын Қазақстан әлемнің басқа 24 мемлекетіне қосылып, Ядролық қару туралы шартты ратификациялады. Биыл біз Қазақстанда менің бастамаммен салынған МАГАТЭ банкіне аз байытылған уранның бірінші партиясын күтудеміз», – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті ядролық қарудан азат әлемге ұмтылыс қазақстандықтардың жалпыұлттық сана-сезімінің ажырамас бөлшегіне айналғанын атап өтті.
– Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың мойындалған доноры болып табылады. Бұл маған бүгінде әлемдік қоғамдастыққа бізден үлгі-өнеге алып, бүкіл әлемде Қазақстанның тәжірибесін қолдануға шақыруға моральдық құқық береді деп ойлаймын. Осыған байланысты мен ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі бірқатар ұстанымдарға тоқталғым келеді », – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы барлық ядролық державалардың басшыларын біздің планетамыздың болашағы туралы диалогтың пайдасы үшін батыл қадамдар жасауға шақырды.
– Сондай-ақ, ядролық қаруға негізделген стратегиялық тұрақтылықтың ескі тұжырымдамасын қайта қарау қажет. Ядролық қаруды бақылаудың жаңа жүйесін құру керек. Нәтижесінде ядролық қаруды қысқарту туралы жалпыға ортақ шарт әзірлеу туралы келіссөздер жүргізу маңызды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ядролық державалардан қауіпсіздіктің теріс кепілдіктерінің заңды күші бар тиімді жүйе енгізудің маңыздылығын атап өтті.
– Сонымен бірге, «ядролық клубтың» мүшелері жаппай қырып-жою қаруы саласындағы саясатты түзететін бірқатар міндеттемелер мен шектеулер қабылдауы керек. Ең әуелі, ядролық кешендерді ұстау мен модернизациялаудың дәстүрлі тәжірибесінен бас тарту маңызды. Аумағында сынақ полигондары орналасқан мемлекеттерге осы учаскелердің инфрақұрылымын жоюды ұсынамын, – деді Елбасы.
Қазақстанның тұңғыш Президенті әлемнің барлық мемлекеттерінің ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты ратификациялау қажеттігін атап өтті.
– Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың тәртібі мен тетіктерін толық әмбебаптандыру және барынша күшейту маңызды. Әлемге ядролық қаруды сақтауға және таратуға қарсы іс-қимылдың нақты механизмі қажет. Бұл қатаң тәртіп БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларымен күшейтілуі тиіс, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда адамдардың, ұлттар мен мемлекеттердің бейбіт өмір сүру арманын жүзеге асыруға ұмтылатындарды жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Саяси және қоғамдық көшбасшылар мен ұйымдардың еңбегін мойындау және ынталандыру мақсатында мен 2016 жылы «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» наградасын тағайындадым. Мен іріктеу комитетінің биылғы жылы сыйлықты МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры Юки Амано мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербоға беру туралы шешімін толық қолдаймын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сөз соңында Елбасы бүгінгі ұсынылған марапаттың адамзат болашағы ядролық қарусыз әлемде екенін еске салып тұратынына қарапайым, бірақ мағынасы терең естелік екеніне сенім білдірді.
– Біздің планетамыз ертелі-кеш аса қауіпті жаппай қырып-жою қаруының осы түрінен құтылып және өзім жария еткен «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифестінің басты мақсатына қол жеткізетінімізге сенімдімін. Бүгінгі шара – бұл әлемдік қоғамдастыққа прогресс, жаһандық өркендеу және адамзаттың болашағы жолында бірлесіп әрекет етуге үндеуіміз, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.