news-img

2019 жылдың 17 сәуірінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры «Zamannyn` ziatker jastary — vision of the future» әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының қорытындысын шығарды. Үздік 17 жоба Қордан 500 мың теңгеден бастап екі жарым миллион теңгеге дейін грант алды.

Алматы қаласында 1 ақпан мен 25 наурыз аралығында өткен іріктеу кезеңінде әлеуметтік идеялар мен жобалар Жәрмеңкесінің жеңімпаздары анықталды. Конкурсқа азаматтық сектордың 160-тан астам өкілдері қатысты, олардың ішінде ҮЕҰ, этникалық қауымдастық, қоғамдық кеңестер, жастар бастамашыл топтары және қызығушылық клубтары бар. Жәрмеңкеде ТОП-50 әлеуметтік жобалар  үш номинация бойынша ұсынылды: «STEP – 7» немесе «Болашақтың өркениетіне жеті қадам», «Аман келешек жақын!» және «Тұлпар — Болашақ».

«Zamannyn` ziatker jastary — vision of the future» әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының ақтық кезеңінде жоба авторлары қазылар алқасы мүшелерінің алдында өздерінің бірегей туындылары мен біртума идеяларын таныстырды. Сондай-ақ, байқауға қатысушылар өздерінің жобаларының өзектілігін дәлелдеуі, практикалық тұрғыда оларды қолдану туралы әңгімелеп, әлеуметтік идеяларды жүзеге асыру үшін қаржы жобасын қорғаулары тиіс болды.

Естеріңізге сала кетейік, байқаудың басты мақсаты – бұл азаматтық қоғамды дамыту және әлеуметтік қоғамдық маңызды міндеттерді шешу болып табылады. Байқау сондай-ақ азаматтық бастамаларды мақсатты қаржыландыру жолымен қолдауға бағытталған.

— Тұңғыш Президент Қоры билік органдары мен коммерциялық емес ұйымдар арасындағы әлеуметтік серіктестікті нығайтуға және диалогты орнатуға  бағытталған үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесудің жаңа, неғұрлым тиімді түрлерін енгізуді, сондай-ақ әлеуметтік қызметтерді көрсетуде жобалық өтінімдердің сапасын арттыруды жалғастыруда. Бүгін ұсынылған елу жобаның әрқайсысы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға,    қоғамдық сананы жаңғырту үшін қоғамның барлық топтарын біріктіру мақсатында  жаңа технологиялар, интернет-қосымшалар және әлеуметтік инновацияларды пайдалануға бағытталған. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында және бағдарламалық мақалаларында бірнеше мәрте назар аударған мемлекеттің даму векторлары, — деп атап айтты Алматы қаласындағы Тұңғыш Президент Қоры өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров.

Биылғы жылғы байқаудың қорытындысы бойынша 17 әлеуметтік жоба таңдап алынды. Олардың авторлары Тұңғыш Президент Қорынан 500 мыңнан екі жарым миллион теңгеге дейінгі көлемде грант алады.

Ендігі уақытта Қазақстанда би сабақтарына арналған «You can BE» жастар және рекреация орталығы» , қазақ тілін үйренуге арналған «Мәміле» пікірталас клубы, жемқорлық жағдайларын ескерту бойынша  «Халықтық бақылау» қоғамдық қабылдау орталығы ашылады. Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен «Мен бақытты отбасындамын» атты жігіттер мен қыздарға арналған психологиялық тренингтер, «Сыбайлас жемқорлық дегеніміз не және оны қалай жоюға болады» тақырыбындағы студенттерге арналған тренингтер, тарихи-мәдени көрнекті жерлерді аралайтын жастар турлары ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар Нұр-Сұлтаннан Қазақстанның қалаларына еліміздің оқу орындарының студенттері арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрі мен мәдениетін дәріптеу үшін мәдени-ағартушылық кешеннен тұратын «Өнерім-рухани қазынам!» атты керуен аттанады.

Алматыда 16 және 17 сәуір күндері өткізілген әлеуметтік идеялар мен жобалар Жәрмеңкесінің аясында «Қазақстанның мәдени коды: күннің ақиқаты және болашақтың бейнелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Отырысқа  қатысушылар ұлттық-мәдени сәйкестілік тақырыбын талқылады, еліміздің бренді құрылымындағы ұлттың мәдени коды туралы әңгімеледі және жастардың мәдени мұраны сақтаудағы рөлі туралы сұрақтарды көтерді. Көрнекті ғалымдар мен жастар өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шараның модераторы ретінде тарих ғылымдарының кандидаты, этнолог, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұра жөніндегі Ұлттық комитеттің мүшесі Сабира Құлсариева сөз сөйледі.

Әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының ақтық сынына қатысушыларға жобаларды қорғамас бұрын, бизнес-жаттықтырушы және кеңесші Ғалым Жукупбаев таныстыру дағдылары және қаржылық сауаттылық туралы дәріс өткізді. Ал жәрмеңкенің екінші күні әлеуметтік кәсіпкерлік Мектебінің негізін қалаушы Эмин Аскеров «Әлеуметтік кәсіпкерлік жаңа тренд ретінде» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.

— Тренингтің мақсаты – әлеуметтік кәсіпкерлік жолында тұрған барлық қалаушыларға құрал беру. Тренингте мен өзіңіздің әлеуметтік жобаңызды қалай жасауға және оны табысты етуге болатынын айтамын. Біздің елде әлеуметтік кәсіпкерліктің үрдісі арта бастайды. Және бұл жерде әлеуметтік қызметтер саласындағы мүдделестерді бір сұхбаттық алаңда біріктіретін, әлеуметтік идеялар мен жобалар Жәрмеңкесі сияқты іс-шараларды өткізе алатын  ұйымдар тарапынан қолдау өте маңызды, — деп баса айтты Эмин Аскеров.

«Zamannyn` ziatker jastary — vision of the future» әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау Достық үйінің қабырғасында салтанатты түрде өтті.

Биылғы жылы коммерциялық емес секторлардың жобалары мен идеяларын ынталандыруға Тұңғыш Президент Қорының көпжылғы дәстүріне «Halyk» Қайырымдылық қоры, «Диалог» есепшілер мен кәсіпкерлер үшін қызмет көрсету бойынша компаниялар тобы, «Коммерциялық телеарна» АҚ, «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы (Алматы), «Green Tal» әлеуметтік шеберхана, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қосылды.  Жәрмеңкенің барлық серіктестері өздерінің ұйымдары атынан қызмет түрлеріне сертификаттар, естелік тартулар мен кәдесыйлар тапсырды.

«Halyk» Қайырымдылық қоры Қостанай қаласындағы «Радуга» Қоғамдық бірлестігіне «Бочче – шексіз спорт» жобасын жүзеге асыру үшін бір миллион теңге көлемінде грант берді.

Түсініктеме қалдыру