Назарбаев орталығында «Жаңа көзқарас» Республикалық фотокөрмесі ашылды
Өмірде қандайда бір қиындықтарға қарамастан, сүйікті ісінде жоғары нәтижелерге жетіп жүрген қайсар рухты мүмкіндігі ерекше жастар жетерлік. Дегенмен жанға жігер беретін – уақытылы көмек пен дамыту шаралары. Сондай көмектің бірін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры беріп келеді.
Бүгін Назарбаев орталығында «Жаңа көзқарас» Республикалық фотокөрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Онда Теміртау және Шымкент қалаларының жалпы орта білім беру мектептеріндегі арнайы сыныптарда оқитын 20-дан астам баланың 45 жұмысы қойылды.
Шараны Қазақстандағы Франция Елшілі, Нұр-Сұлтан қ. Француз альянсы, Теміртау және Шымкент қалаларының әкімдіктері қолдады.
Мақсат – баланың шығармашылығын дамыту арқылы ортаға бейімделуіне көмектесу, қоғамның тең мүшесі екеніне сендіру.
Фотокөрме сәуір мен мамыр аралығында Теміртау және Шымкент қалаларында церебралды параличке шалдыққан балаларға француз фотосуретші Эрик Ваззолердің өткізген шеберлік сағаттарының нәтижесі.
Эрик Ваззолер үшінші жыл қатарынан ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеп келеді. Өзінің 30 жылдық тәжірибесінде бірнеше ел жастарын суретке түсіруге үйреткен. Соның ішінде Қазақстанның, Францияның, Германияның және Польшаның өскелең ұрпағымен өз білімімен бөлісіп үлгерді.
Көрменің ашылу барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов: «Бұндай фотокөрмелерді ұйымдастыру арқылы біздің балаларымыздың ерекшелігі мен көпқырлылығын көрсеткіміз келеді. Олардың бойындағы қасиеттерді ашып, өнер жолындағы дамуына көмектесу керек. Бұл жобаның тағы бір маңызды бөлігі – балалар өнердің жаңа түрімен танысады. Жобаға балалардың елдің түрлі аймақтарынан қатысуы, яғни ерік, ұмтылыс пен табандылық арқасында кез келген салада жетістікке жетуге болады екенін көрсетеді», – деді.
Қазақстандық балалармен жұмыс істеген Эрик Ваззолер балаларға алғысын білдірді. «Құрметті балалар, сіздерсіз, көрсетілген көмексіз мен ешкім де емеспін! Тұңғыш Президент Қоры демеу болды. Бұл ынтымақтастық шеберлік сағаттарын бірнеше жыл қатарынан өткізуге мүмкіндік берді. Бұл жобаның мен үшін және барлығымыз үшін маңызы зор. Фото арқылы балаларды әлемді тануға, өз эмоцияларын жасырмауға көмектесемін», – деді ол.
Балалардың суреттерінен тұратын фотокөрме – түрлі саладағы адамдардың образдары мен көңіл-күйінің көрінісімен және өмірдің жарқын сәттерінен тұрады. Оны алғаш болып Қазақстандағы Франция Елшілігінің мәдениет бойынша Атташе Андре Бэльвер, мүмкіндігі шектеулі балалар, оқытушылар, ата-аналар және студент жастар тамашалады.
Өз кезегінде Қазақстандағы Франция Елшілігінің мәдениет бойынша Атташе Андре Бэльвер «Франция Елшілігі Тұңғыш Президент Қорының жобаларын үнемі қолдайды. Қоғамға қызмет ететін, жалпы адам капиталының дамуына қатысты әлеуметтік бағытындағы өнерге деген және мәдениет саласына қатысты көзқарасымыз бірдей», – деді.
Шеберлік сабақтарына қатысқан балалар да өз ойларын білдірді.
«Эрик өте жақсы оқытушы. Ол бізге көп нәрсе үйретті. Суретке қалай түсіру керек екенін, сурет бұрышын қалай қою керек екенін көрсетті. Менің суреттерімнің мұнда қойылғанына өте қуаныштымын. Бұрын фотосуретші болам деп ойламаған едім, енді ойлана бастадым. Болашақта да суретке түсіріп, шеберлігімді шыңдаймын», – дейді 12 жастағы Теміртаулық Анастасия Михайлова.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры 2017 жылдан бастап француз фотосуретшісі Эрик Ваззолермен жұмыс істеп келеді. Бұл аралықта ол Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Теміртау қалаларындағы мүмкіндігі ерекше 50 баланы суретке түсіруге үйретті.