news-img

Жас ғалым, биология ғылымдарының кандидаты Мақсат Жабағин ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қорының трэвел-гранты иегері атанды. Қордың Гранты қазақстандық генетикке Мәскеудегі «ХХІ ғасыр генетикасы» атты халықаралық ғылыми конгресске қатысуға көмектесті.

Іс-шараға Қазақстан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Грузия, Индия, Испания, Италия, Қытай, Ливан, Молдова, Нидерланды, Перу, Польша, АҚШ, Өзбекстан, Франция, Чехия, Эстония, Оңтүстік Корея және Ресейдің көптеген аймақтарынан 1400-ден астам көрнекті генетик-ғалымдар мен медиктер қатысты.

Ұлттық биология орталығының адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин «Филогеография деректері бойынша қыпшақтардың генетикалық тарихын қайта құрастыру» баяндамасымен сөз сөйледі. Өз сөзінде Қазақстаннан шыққан ғалым қазақтар генофондының құрылымының қалыптасуы мен қазақтардың ру-тайпалық құрылымымен байланысын ашты.

Сондай-ақ жас генетик Ресей астанасында өткен тағы бір халықаралық «Адамның популяциялық генетикасының жүзжылдығы» конференциясында да баяндамасын ұсынды. Мақсат Жабағиннің тақырыбы былайша аталды: «Орта Азия халықтарындағы Ү-хромосоманың генетикалық алуан түрлілігі».

Айта кетерлігі, біздің грант иеленушінің баяндамалары ғылыми іс-шараларға қатысушылар арасында қызығушылық тудырды. Конгреске және конференцияға қатысу Мақсат Жабағинге жаңа халықаралық байланыстар орнатуға және адам генетикасының түрлі салаларында перспективалы ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді.

Жас ғалымның талантын Ресей Ғылым академиясында да бағалады. Өткен жылы генетик РҒА сыйақылары мен медальдарын алу конкурсына қатысты. Мақсат Жабағин «Еуразияның аз зерттелген түркі тілдес халықтарының генофондын зерттеу: Қырымнан Орталық Азияға дейін» жұмыс циклы үшін беделді ұйымның беделді марапатына ие болған алғашқы Қазақстандық ғалым атанды.

Сапарларға гранттар конкурсы 2019 жылдың 30 қарашасына дейін жалғасатындығын естеріңізге саламыз. Оған 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар мен мәдениет және өнер қайраткерлері қатыса алады. Конкурс талаптары сілтеме бойынша жарияланған.

Түсініктеме қалдыру