Қазақстанның жүз мыңдаған оқушылары «Код сағаты» акциясына қатысуда
Қазақстан бойынша ауқымды «Код сағаты» акциясы жалғасуда. Осы апта ішінде еліміздің оқушыларына бағдарламалау негіздері оқытылады.
Акцияның ұйымдастырушылары - ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Қоры, ҚР Білім министрлігі, акцияның серіктестері «Alem.school», «Love to code», «Method Digital Education» және тағы басқалар сабақтардың қарапайым байланыс пен жұмыстың ойын формалары негізінде өтуіне көңіл бөлді.
Акция 3-11 сынып оқушыларын қамтиды. Қатысушылар тәлімгерлердің қолдауымен алғашқы алгоритмдерді құруға, логикалық тапсырмаларды шешуге тырысады.
Осы сабақтардың біріне қатысқан ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан оқушыларға төмендегіні атап өтті:
«Код сағаты» жаһандық науқаны оқушыларға бағдарламалау туралы біліп, сандық жүйелерді басқарудың маңыздылығын түсінуге ықпал етеді. Цифрландыру - жыл сайын өмірдің барлық салаларына көбірек енуде. Жаңа компьютерлік бағдарламаларды жақсы білетін адам - бәсекеге қабілетті, қажетті маман саналады. Болашақта қайда жұмыс істесеңіз де, барлық жерде бағдарламалаудың негіздерін, қосымшаларды құруды және компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеуді білу қажет болады. Сіздердің араларыңыздан «Код сағатының» арқасында мықты IT маманы шығуы мүмкін. Бүгінгі мектеп қабырғасындағы еңбектеріңіз есейгендегі өміріңіздің жемісі, елдің өркендеуінің негізі екенін әрқашан естеріңізде сақтаңыздар!».
Еске салайық, «Код сағаты» әлемнің 180-нен астам елінде өтеді. Қазақстанда бұл акцияға қатысушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. 2015 жылы танымдық сабақтарға 74 мыңнан астам бала қатысса, 2018 жылы олардың саны 355 мыңнан асты. Биыл ұйымдастырушылар былтырғыдан асып түсуді жоспарлап отыр.