Нұрсұлтан Назарбаев Қоры инклюзия саласына 336 маман дайындайды
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры 8 өңірдегі инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерінде жұмыс істеу үшін 336 маманды оқытуды ұйымдастырады.
Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен еліміздің 8 өңірінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылуда.
Бастама инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған кең ауқымды іс-шараларды қамтиды. Бірінші кезеңде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инфрақұрылым құру, атап айтқанда оңалту орталықтары мен инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерін ашу мәселесін шешу міндеті қойылды.
Қазіргі уақытта сегіз өңірдің әкімдіктері - Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында әзірленген дизайн-жобаға сәйкес 16 мектептегі инклюзияны қолдау сыныптарында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен жиһаз және жабдықтар сатып алынады.
Инклюзияны қолдау сыныптарында жұмыс істеу үшін педагогтар мен мамандар да оқытудан өтеді. 15 тамыздан төрт облыстың педагог-ассистенттері/тьюторлары, сондай-ақ барлық облыстардың әдіскерлері онлайн-форматта оқытыла бастады. Әр сыныпқа қосымша 10 тьютор тартылады. Қазіргі уақытта 94 маман оқытылды, 109 маман оқуын жалғастыруда.
1 қыркүйектен бастап барлық 16 мектеп үшін жылдық курация басталды. Барлығы 336 педагог білім алуда. Жаңадан келген жас кадрлар оқытудың арқасында балалармен жұмыс процесіне тез қосылады. Сондай-ақ, сапалы нәтиже алу үшін кабинеттерді бір оқу жылы ішінде курациялау қарастырылған.
Мамандарды оқыту мен инклюзияны қолдау кабинеттерінің курациясын Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жүзеге асырады.
Инклюзияны қолдау кабинеттері үйде оқитын балаларға мектепке баруға және құрдастарымен бірге білім алуға мүмкіндік береді.
Инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу арқылы бір мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар 40-қа жуық баланы мектепке қосу жоспарлануда.