news-img

Бүгін «Негізгі Заң Апталығы» жалпы республикалық жобасының аясында Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған «Сандық өркениет дәуіріндегі мемлекет пен қоғамның трансформациясы жағдайындағы Конституцияның рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Іс-шараның мақсаты - елдегі әлеуметтік, құқықтық және демократиялық мемлекеттің қағидаттарын бекітудің терең бағытын ескере отырып, Конституцияның рөлі мен әлеуетін жан-жақты талқылау. 

Оның жұмысына Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, құқық қорғау мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ танымал отандық құқықтанушы ғалымдар қатысты.

Кездесуді аша отырып, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Мәми Конституция - тәуелсіздік пен егемендікті, мемлекеттіліктің берік негізін, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты бекітетін маңызды құжат екендігін атап өтті. Негізгі Заңды құрметтеу және мүлтіксіз сақтау - алға қойылған жоғары мақсаттарға қол жеткізудің кепілі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры Атқарушы директорының орынбасары И.Рогов қатысушыларға құттықтау сөзінде былай деді:

- Біз құқықтық қатынастардың субъектілері тек қана жеке, заңды тұлғалар мен мемлекет екендігіне үйреніп қалғанбыз. Бірақ қазірде ЕО деңгейінде құқықтық қатынастардың субъектілері ретінде электронды тұлғаны мойындау мәселесі талқыланып жатыр. Жасанды интеллектіні жасау объективті шындыққа айналуда. Бірақ бұл жеде сұрақтар туындайды. Егер көліктегі автопилот жылдамдықты асырса немесе ЖКО ұшыраған жағдайда кім жауап береді?

Робототехника жасаудың құқықтық нормалары қажет. Өз кезінде американдық фантаст Айзек Азимовөзінің «Робототехниканың 3 заңы» атты кітабында бұл нормаларды жазған. Бірақ роботтар адамдарға зиян тигізбеуі үшін олар қазір қолданыстағы заңға енгізілуі тиіс. 

Тіршілік әрекетінің тиісті салаларының конституциялық негіздерін іске асыру мәселелері бойынша сандық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев, Конституциялық Кеңестің мүшесі В. Малиновский, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік, Әділет, Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің және ғылыми қоғамның өкілдері баяндама жасады.

Панельдік сессияларда азаматтардың конституциялық әлеуметтік құқықтарын іске асыру құралдарын күшейту, құқық үстемдігін бекіту, қоғамды демократияландыру, мемлекеттік басқару мен құқық қорғау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ барлық жерде цифрландыру процесінде жеке тұлғаның мүдделерін қорғау кепілдіктерін нығайту бойынша тәсілдер талқыланды.

        Дөңгелек үстел аясында Конституция үстемдігін қамтамасыз ету және қазақстандықтардың конституциялық мәдениетін арттыру мәселелері бойынша журналистер арасындағы конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Түсініктеме қалдыру