news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясы ерекше талантты, жалынды әрі еңбекқор жастардың елдің гүлденуіне қосқан үлесін кеңінен насихаттайды. Шәкіртақыға үміткерлерге талап қатаң, ал байқауға қатысу нағыз сынақ. «Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты» деген мәртебелі атақтың иесі болу үшін тек оқу үлгерімі бойынша жоғары балл жинау жеткіліксіз.

Қор стипендиясын алу үшін тағы не маңызды? Бұған ерекше талантты стипендиаттардың айтары бар. Соның бірі «Тұран» университеті «Құқықтану» мамандығының 4-курс студенті Мақсат Шегебаев. Мақсат «Құқықтану және халықаралық құқық» кафедрасының үздік студенті атанған.

Жас та болса бас болған Мақсаттың ауыз толтырып айтар жетістігі көп. Болашақ заңгер оқу барысында «Елбасы Медалі», «Үздік студент – 2018», «ТМД-ның үздік студенті-2019» және өзге де медальдармен марапатталды. «Қазақстанның 100 үздік көшбасшы студенті» атты республикалық жастар байқауының жинағына да енген. Мақсат ірі халықаралық, республикалық байқауларға, ғылыми конференцияларға және әлеуметтік маңызы бар жобалардың белсенді қатысушысы.

Мақсат «Тұран» университеті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық «Sanaly Urpaq» ұйымының төрағасы болып сайланған. Әрі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде құрылған «Үздік студенттер академиясының» құрметті мүшесі.

Бұған қоса, 2018-2019 жылдары халыққа тегін құқықтық  кеңес беретін «Тұран консалтинг» заң клиникасында аға заңгер болып жұмыс істеді.

- Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты болу мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бел жазбай еңбек етуге, қоғамның игілігі үшін тер төгуге дайынмын. Себебі, бүгінгі күн – кешегінің жемісі ғой!, - дейді Мақсат Шегебаев.

Түсініктеме қалдыру