news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты Айдана Тайғұлы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы «Телевизия режиссурасы» мамандығының 3-курсында оқи жүріп, «Қазақстанның үздік студенті» және «ТМД-ның үздік студенті» атақтарын иеленіп үлгерді. Сонымен қатар, ол ТМД елдерінің ғылыми және білім беру мекемелері арасындағы «Үздік жас ғалым - 2021» III Халықаралық кітап басылымы» жобасының І дәрежелі дипломын, студенттердің республикалық ғылыми жұмыстарының республикалық байқауында I орын иеленген.  Ол – ғылыми мақалалардың авторы және Қазақстан мен шет елдерде өткізілген студенттердің бірқатар ғылыми конференцияларының жеңімпазы.

Айдана пандемияға дейін университеттің телевизиясында «Диалог» және «Әлем жаңалықтары» бағдарламаларын жүргізді. Қазір ол режиссерлік сценарийлер, этюдтер, талдаулар, сондай-ақ, фильмдерге түрлі шолулар жазады. Олардың драматургиясын, оператордың жұмысын және монтажын зерделейді. Өзінің өлеңдер жинағын да баспаға дайындап жүр.

– Мен режиссураны таңдадым. Өйткені ол шығармашылық қабілеттің бәрін біріктіріп, соларды бір күрделі киноөнерге айналдырады, – дейді Айдана Тайғұлы өзінің мамандық таңдауына қатысты.

Бойжеткен құрбы-құрдастарының ешқашан да мойымай, өз арманына қарай талпына беруін тілейді. «Біздің әрқайсымыздың жолымызда қиындықтар кездеседі. Ал біз одан тек қана ысылып шығамыз. Әрі жетістікке қол жеткіземіз. Бір орында тұрып қалмай, алға қарай жылжу керек. Сендерге таңдаған мамандыққа деген қызығушылықты арттырыңдар деп кеңес беремін», – дейді ол.

Айдана стипендияны алу үшін өткізілетін байқауға жақсылап дайындалған. Оқуда жоғары көрсеткішке жетуге талпынған.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясы мен үшін мотивация, мақтаныш әрі көмек болды. Ол жеке тұлға ретінде қалыптасуыма септігін тигізді. Сондай-ақ, мені студент ретінде алға жылжуға, үздік болуға итермеледі, – дейді дарынды бойжеткен.

Айдана адамдарды шабыттандыратын және елдегі мәдениет пен өнердің одан әрі қарай дамуына үлес қосатын өзіндік шығармашылық өнім жасауды жоспарлап отыр.

Түсініктеме қалдыру