news-img

Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың итальян тілінде жазылған «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен өткен іс-шараға Италияның саяси, қоғамдық және ғылыми орталарының өкілдері қатысты. Олардың арасында Депутаттар палатасының вице-президенті Этторе Розато, депутат, «Қазақстан-Италия» достық тобының президенті Эдмондо Чириэлли, Қазақстан-Италия сауда палатасының төрағасы Паоло Гирелли, Қазақстанның Сицилиядағы құрметті консулы Алессандро Арборио, «Vision & Global Trends» Жаһандық талдау халықаралық институтының президенті Тиберио Грациани және басқалар бар.

 

2017 жылдың желтоқсанында жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы тарихи публицистика жанрында жазылған және ол автордың елдің жаңа тарихы мен оның болашағына деген көзқарасын көрсетеді. Елбасының еңбегінде дамудың «қазақстандық моделінің» мәні, эволюциясы, негізгі қағидалары, механизмдері мен қозғаушы күштері сипатталған. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы жетілдіру ісінің үш толқынының мән-мағынасын ашады. Соның арқасында тоталитарлық жүйені ыдыратып, экономиканы құру міндеттері ойдағыдай шешілген болатын.

        

Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев кітаптың тұсаукесер рәсімін аша отырып: «Жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы маңызды кезеңдер туралы кітап ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мұрағатында сақталған жеке естеліктеріне негізделіп жазылған», - деді.

         Сондай-ақ, елші кітапты итальян тіліне аударудың Қазақстан мен Италия арасындағы достық қатынастарды нығайту үшін маңыздылығын атап өтті. «Бүгінде Италия Қазақстанның әлем бойынша екінші және Қазақстанның негізгі сауда серіктестері тізімінде Еуропа Одағы елдері арасында бірінші орынға ие жетекші инвесторларының бірі болып саналады», - деді Е. Сембаев.

Тұсаукесер аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының Қазақстан Республикасынан мүшесі Игорь Рогов та бейнеүндеу жасады.

И.Роговтың пікірінше, «Қазақстандық табыстың формуласы этносаралық бірліктің үйлесімді моделінен, прогрессивті экономикалық дамудан, сондай-ақ, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік саясаттың негіздерін ұстанудан құралады».

Тиберио Грацианидің айтуынша, «Қазақстан әлемдік аренаға шықты. Еуразия континентіндегі екі алыптың ортасында тұрған ол енді жаһандық ойыншыға айналып отыр. Бұл – Қазақстанның Орталық Азиядағы жағдайын ескере келгенде айтар сөз».

Эдмондо Чириелли өз сөзінде Елбасының Қазақстанды жаңартудағы, Республиканың басқа елдермен достық қарым-қатынасын нығайтудағы орасан рөлін атап өтті. «Жоғары мәдениетті, жоғары адами және саяси көзқарастары бар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі аймақтық ойыншыға айналдыруда басты тұлға болып отыр. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасын көрегендікпен басқара білді және өз Отаны мен халқының амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік құндылықтарды ұлттық құндылықтармен үйлестіре алды», – деді ол.

– Мен Қазақстанның даму барысын әрдайым қадағалап отырдым. Сондықтан Назарбаевтың моделі мен стратегиялық саясаты ел мен оның халқын ұлы еткенін және басқа елдермен, атап айтқанда, Италиямен берік қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосқанын растай аламын, – деді Эдмондо Чириэлли.

 

Италия парламентінің депутаттары ҚР Тұңғыш Президентінің итальян тіліне аударылған кітабы Италия қоғамы мен азаматтары үшін Қазақстан тарихының жаңа «беттерін» ашатынын, бұл өз кезегінде екі халықтың жақындасуына ықпал ететіні сөзсіз екенін атап өтті.

Тұсаукесер рәсімінің соңында болашақта «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының Италиядағы Орта Азия елдерін зерттейтін ғылыми орталықтардың, жергілікті кітапханалар мен жоғары оқу орындарының қорына берілетіні айтылды.

Түсініктеме қалдыру