Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жаңа қысқы демалыс аймағын ашты
Жаңа ойын-сауық және демалыс орны Нұр-Сұлтан қаласында пайда болды. Ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейі ғимаратының жанындағы алаңда орналасқан (Бөкейхан көшесі, 1а).
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры алаңға үш сырғанақ, есте қаларлық жаңа жылдық фотосуретке түсуге арналған төрт фотоаймақ, «3D шырша үйі», «Бублик-кросс» аттракциондары мен мұз айдынын орналастырды.
«ҚазТрансГаз» АҚ орнатқан безендірілген мерекелік шырша да қала тұрғындары мен қонақтарын қуантады.
Музей ғимаратының жанындағы алаң көңіл көтергісі келетіндердің жаңа көрікті орнына айналды. Мұнда жыл бойы Қордың ұйымдастыруымен би, спорттық флешмобтар, байқаулар мен аспапта орындаушылардың концерттері өтті.
31 желтоқсанда сағат 22.00-де осы алаңда музыкалық бағдарлама ұйымдастырылады.
Ал 1 қаңтарда сағат 12.00-де аниматорлар шоу көрсетеді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметі