news-img

Үкіметтік емес ұйымдарда күш-жігерін біріктіретін жандар талай мәселенің тігісін жатқызады. Бір адамның тағдырын шешуде немесе өңірдің дамуындағы мұның маңызы зор.

Екі баланың анасы Ботагөз Сартбаева ҮЕҰ көрсететін өте маңызды қолдау туралы айтты.

- Декреттік демалыстағы әйелдерге өзін-өзі дамытуға уақыт табу қиын. Балалар қолын байлайды. Мен оқып жүрген кезде балаларыма біреу қарайды деп ойламадым. «Әлеуметтік күтуші» жобасының арқасында мүмкін екен. Бұл үлкен көмек, себебі мен сияқты аналар сол кезде ақша тауып, курстардан өте алады. Жобаның арқасында 1С курсын оқыдым. Бірнеше жеке кәсіпкерге бухгалтерлік тұрғыдан көмектесуге мүмкіндік туды. Табысым артты, — дейді Ботагөз Сартбаева.

 «Әлеуметтік күтуші» жобасының авторы – «Береке-Астана» мүгедектер қауымдастығы» қоғамдық ұйымы. «Береке-Астана» дамыту және оңалту орталығы көрсететін бала күту қызметін аз қамтылған, қиын жағдайға тап болған көп балалы және мүгедек баласы бар әйелдер тегін пайдалана алады.

ҮЕҰ-ның тағы бір қызықты жобасы - Алматы қаласындағы «Community Media Hub» алғашқы инклюзивті медиа мектеп. Бірегей жобаның авторы «Reliance» ҚҚ.

         Инклюзивті бағдарламаның арқасында кәсіби жаттықтырушылар ерекше қажеттілігі бар жандардың медиасауаттылығын және цифрлық дағдыларын арттыруға, сонымен бірге, білім беру және жұмыс ұсынуға ниетті. Мұнда видеомейкинг, дыбыс режиссурасы, продюсерлік ету, журналистика негіздері, сонымен қатар, цифрлық қоғамдық бақ құру бағыттары бойынша оқытылады. Жоба соңында еліміз бойынша 20 медиапродюсер дайындалады.

- Медиа мектепте оқу БАҚ-тағы мүгедек бейнесін өзгертуге септігін тигізеді, кемтар жандардың қоғамда тең құқылы болуына жол ашады. Біздің міндет - ерекше қажеттілігі бар адамдар емдеуге ғана мұқтаж емес екендігін танытып, шәкірттерді қоғамның көзқарасын өзгертетін контент жасауға үйрету. Ең әуелі, оларға барлық жағынан кедергісіз орта ұсыну қажет, - дейді медиа мектеп директоры Сәуле Алпысова.

         Айта кетейік, «Береке-Астана мүгедектер қауымдастығы», «Reliance» жобаларын іске асыруға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мұрындық болған. Бұл ҮЕҰ 2021 жылы әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінде топ жарған алты жеңімпаздың бірі. Әлеуметтік идеялар жәрмеңкесін Қор 2008 жылдан бастап өткізеді. Бұл уақытта әлеуметтік қолдау, экологияны жақсарту, азаматтық құқықтарды қорғау және т.б. саладағы 300-ден астам жобаға қолдау көрсетілді.

Түсініктеме қалдыру