news-img

Коронавирус пандемиясына байланысты оқушылар мен ата-аналар үшін қашықтан оқуға көшу оңайға соқпады. Көптеген студентке соңғы 2 жыл тың жаңалық пен өзін-өзі дамыту кезеңіне айналды.

Талдықорған қаласының 11 сынып оқушысы Әнел Башарова мұны былай еске алады.

- Қашықтан оқу кезінде бос уақытым көбірек болды, өзімді дамыту туралы ақпаратты іздей бастадым. Интернетте кездейсоқ «Елбасы Медалі» жобасын кездестірдім. Жобаның арқасында уақытты басқара бастадым, көп нәрсеге үлгердім. Талай пайдалы білімді меңгердім, - дейді Әнел.

Жоба қатысушысы биыл жобаға қатысқан басқа 20 мың жас сияқты спорт, талантын дамыту, кітап оқу, Ұлттық мұра, еріктілік, туристік жорықтар және еңбек тәжірибесі бағыты бойынша тапсырмаларды орындады.

- Менің өмірім қызықты бола бастады. Мен өзімді әртүрлі салада көрсете бастадым, жаңа достар таптым. Әсіресе, жобаның еріктілік сияқты бағыты қызықтырды, - дейді оқушы. Ерікті ретінде Әнел Covid-19 індетімен күрескен медицина қызметкерлерінің балаларына, сонымен қатар, «Айналайын» балалар үйінің балаларына ағылшын тілін үйретті.  

         

       Павлодар облысының Ақсу қаласынан келген Данияр Рымбаев жобаға дейін мүлде қызықпағанын және оқуда белсенді болмағанын мойындайды.

- Бұрын көптеген оқушылар сияқты тек компьютерлік ойындар ойнайтынмын. Көп уақытым көшеде достарыммен өтті. Университетке оқуға келгенде әрбір адам қоғамға пайда әкелуі тиіс екенін түсіне бастадым. Әуелі мен еріктілер жасағының құрамына кірдім, біз мұқтаж адамдарға көмектестік, - дейді ол.

Айтуынша, «Елбасы Медалі» жобасы менталдық және адамгершілік тұрғыда дамуға ықпал етті. Данияр бұған бей-жай қарамайтын жастармен бірге қайырымдылық қорын ашты, пандемия салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетілді.

- Үйде жатып немесе интернетте отырып сынауға болады. Ал негізі адамдарға нақты көмек көрсетіп, игі істер жасау керек, - дейді Данияр.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жүзеге асырып жатқан «Елбасы Медалі» жобасы - бұл жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бағдарлама 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған. Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде 5 500 қола және күміс медаль иегерлері анықталды. Жоба шартына сәйкес, жеңімпаз оқушылар ҚР жоғары оқу орындарына білім гранттарын алуда (мысалы, ҰБТ бойынша бірдей балл алған кезде) артықшылыққа ие болады. Соның нәтижесінде 605 медаль иегері еліміздегі түрлі жоғары оқу орындарының грант иесі атанды.

Түсініктеме қалдыру