news-img

Анна қазіргі кезде әдемі ән шырқайды, ғылымға қызығады, қоғамдық жұмыстармен айналысады. Бүгін біздің тұрақты айдарымыздың кейіпкері – П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Академиялық ән айту» мамандығы бойынша 4 курс студенті Анна Торосян.

Аннаның ең биік жетістіктерінің бірі – Италияда өткен халықаралық музыкалық байқаудағы жеңісі. Ол «Академиялық вокал. Сопрано» номинациясы бойынша І дәрежелі лауреат атанды.

Қазақстанның музыкалық колледждері арасындағы 42-ші республикалық орындаушылар байқауында және ресейлік Л.В.Мясникова атындағы I Халықаралық вокалистер байқауындағы жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады.

Өткен жылы Анна Торосян «BILIM-ÒRKENIETI» ұлттық зерттеу орталығының бағалауы бойынша «Қазақстанның 100 үздік студенті» рейтингіне енді.

Бойжеткен музыка саласында ғылыми жұмыстар мен мақалалар жазуды өзінің хоббиі деп есептейді.

Қоғамдық пайдалы істерге араласуы – талантты қыздың тұлғалық қасиеттерін жан-жақты ашты. Ол Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының белсендісі.

Анна – «Ағаштарға қамқор бол/Ағашқа қамқорлық» акциясының бірлескен авторы. Осы топпен бірге ол қазақстандықтарды үй жанындағы ағаштарды күтіп-баптауға шақырды. Айта кетерлігі, бұл бастама республика көлемінде қолдау тапты.

Анна Қор стипендиясы туралы өзінің ұстазынан білген. Ал жарысқа бір айға жуық дайындалған.

Шәкіртақы студент үшін жақсы оқуға, білімін шыңдауға, толықтыруға ынталандыру деген сөз. Мен үшін стипендия көптеген жаңа мүмкіндіктер берді. Соның арқасында арманыма қол жеткіздім. Қазақша курстарға жазылдым. Меніңше,  қазір оны оқу барысында үлкен жетістіктерге жеткен секілдімін, – дейді Анна Торосян.

Түсініктеме қалдыру