Алматыда жыл сайынғы әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өтуде
Бүгін Алматыда Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған «Үйлесімді даму және бақытты балалық шақ – қазіргі заманауи негізгі басымдық» атты жыл сайынғы әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі басталды. Ертең, 29 сәуірде жеңімпаздар анықталып, оларға әлеуметтік стартаптарын дамытуға грант беріледі.
Қор республикалық әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін 2008 жылдан бері өткізіп келеді. Бұл коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) арасындағы байқау, ақпараттық-білім беру сессиялары, нетворкинг, әлеуметтік кәсіпкерлік және қоғамдық ұйымдардың стартаптары саласындағы тәжірибе мен үздік практикамен алмасуды көздейтін азаматтық секторға арналған іс-шара.
Бұған дейін әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауына 2 300-ден астам КЕҰ қатысып, 311 ұйым жеңімпаз атанды. Байқаудың басты мақсатының бірі — жалпыұлттық міндеттерді шешудегі әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру және өңірлерде халықтың әлеуметтік бастамасын жандандыру.
2022 жылы байқауға балаларды қорғауды қамтамасыз етуге арналған Қазақстанның КЕҰ-нан 177 жоба ұсынылып, 50-і жәрмеңке аясында өтетін финалға шықты.
Жәрмеңке жобаларды офлайн форматта қорғау үшін Алматыға келген байқау финалистерінің дәстүрлі құттықтауынан басталды. Айта кетейік, ашылу рәсіміндегі басты кейіпкерлер әр жылдағы жәрмеңке жобаларының қатысушылары – балалар мен жастар болды. Яғни, КЕҰ әлеуметтік маңызды бағдарламасынан көмек алып, тікелей қолдау көргендер.
Сегіз жастағы Жанель инклюзивті шығармашылықпен байланысты «Азамат әлеуеті» Қорының жобаларына қатысады.
— Балалар мен жасөспірімдердің құрдастарымен, аға-інілерімен, сонымен бірге, ата-аналарымен бірге инклюзивті шығармашылық шеберханалардың жұмысына араласуы өте ұнады. Мен қыздар педагогикалық университетінде инклюзивті этнографиялық концерт-көрмесіне қатыстым. Достарыммен сөйлескенді, ән айтып, билегенді, көңіл көтергенді ұнатамын, сол себепті маған мұндай жобалар өте ұнайды. Балаларға осындай жобаларыңыз өте қажет! Сіздерден әрдайым жаңа идеялар мен бастамалар күтеміз! — деді 2017 жылы жәрмеңке жеңімпазы «Азамат әлеуеті» жеке қайырымдылық қорының «Инклюзивті шығармашылық арқылы жасөспірімдер мен жастардың әлеуетін қолдау» жобасының қатысушысы Жанель Дүйсенбай.
«Almaty Nomad» саяхатшылар клубы» қоғамдық бірлестігінің «Туған жер: туған өлкеге саяхат» жобасының қатысушысы Жалғас Әбенов 2018 жылғы жәрмеңке жеңімпазының арқасында Ұлы Абайдың туған жеріне барғанын айтты.
— Негізі мен интроверт адаммын, саяхаттауды аса ұнатпаймын. Бірақ ол жаққа баруды ұсынғанда бірден келістім. «Прыгни и парашют появится» дегендей. Шынымен солай болды. Сапар барысында керемет достар таптым, қасиетті жерлерге бардым, рухани бай болдым. Сапар маған үлкен әсер қалдырды. Ұлан-ғайыр қазақ даласы тарихы терең, әсем жерлерге бай екеніне көзім әбден жетті.
Жобаға алғысым шексіз. Мұндай бастамаларды барынша қолдау керек. Бұл өскелең ұрпаққа өздерін тың қырынан ашуына септігін тигізеді, — дейді Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті журналистика факультетінің студенті Жалғас Әбенов.
«Қазақстанның әлеуметтік институттарының диалогы: жаңа идеялар – балаларды қорғаудың жаңа мүмкіндіктері» атты ашық диалог алаңында қатысушылар шынайы оқиғасын бөлісті. Диалог барысында сарапшылар балаларды қорғау және қолдау саласындағы негізгі бағыттарды талқылап, балалар мен жасөспірімдерге қатысты БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы тиімді шешімдермен, тәжірибемен алмасты.
— Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі – әлеуметтік сала өкілдерімен танысуға және тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік. Мұнда маңызды әлеуметтік бастамаларды іске асыру нәтижесін көруге болады. «Samruk-Kazyna Trust» қоры - еліміздегі ең ірі қайырымдылық қорлардың бірі. Бүгін біз азаматтық сектор мен ҮЕҰ өкілдері бізге өтініммен қалай жүгіне алатыны және қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешу үшін көмек алуға болатыны туралы айттық. Біз ҮЕҰ ұсыныстарына әрдайым ашықпыз және олардың өтінімдерін күтеміз, — дейді диалог алаңы спикерлерінің бірі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жобалық басқару департаментінің директоры Әсет Қылышбаев.
Жәрмеңкенің бірінші күні әлеуметтік жобалар көрмесімен және «Таңдау құқығымыз туралы үнімізді естіңіз!», «Балалар алдындағы жауапкершілікті жаңғырту: болашақтың міндеті» және «Талантты ынталандыру: іске кірісіңіз, мүмкіндіктерді арттырыңыз, ресурстарды қолданыңыз!» атты үш номинация финалистерінің таныстырылымен жалғасты.
Ал ертең Нұрсұлтан Назарбаев Қорының 2022 жылғы грант иегерлерін білеміз.