Брюссельде Қазақстанның Батыс елдермен серіктестігі туралы баяндама жасалды
Брюссель баспасөз клубында «Қазақстанның Батыс елдермен әріптестігі үшін стратегиялық мүмкіндік» баяндамасының тұсауы кесілді.
Баяндаманың авторы халықаралық саясат жөніндегі америкалық сарапшы, «Aspen Institute Europe» Басқарма мүшесі, «John C. Hulsman Enterprises» халықаралық қатынастар жөніндегі консалтингтік фирманың негізін қалаушы Джон С.Халсман.
Тұсаукесерге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Қайрат Әбусейітов, Халықаралық салық және инвестициялық орталықтың «Энергетика, өсім және қауіпсіздік» бағдарламасының директоры, Атлантикалық кеңестің аға ғылыми қызметкері Ариэль Коэн, «Тиімді басқару үшін халықаралық қордың» директоры және негізін қалаушы, Еуропалық саяси есебінің негізін қалаушы және баспагер Джеймс Уилсон және т.б. қатысты.
Джон С. Халсман баяндамасында Қазақстан елдегі де, әлемдегі де түрлі сын-қатерлер мен оқиғаларға қарамастан, көпвекторлы және бейбітшіл халықаралық саясатты жақтайтынын әрі оны сәтті жалғастырып келе жатқанын атады. «30 жыл бойы Қазақстан әлемге өзінің ынтымақтастық пен бейбітшілікті қолдайтынын көрсетіп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған көпвекторлы саясатты бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді», - дейді Халсман.
Дж.Халсман еліміз жүзеге асырып жатқан ауқымды даму бағдарламасына назар аударып, Қазақстанның қазіргі уақытта қайта құру және жаңғыру жолын ұстанатынын жеткізді. Сарапшының пікірінше, нарықтық реформаларды жүргізуге бағдарланған Қазақстан әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды, сонымен бірге, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және батыс елдерімен серіктестікті нығайтуға бағытталған бастамаларды кеңінен іске асырып отыр.
«Еліміздің түрлі саладағы зор әлеуеті күмән тудырмайды», - дейді сарапшы баяндамасында. Қазақстанның ашықтығы мен серіктестікке әзірлігі Батыс үшін маңызды стратегиялық мүмкіндік болып табылады. Халсман Еуразиядағы қауіпсіздік және экономикалық байланыстарды нығайту, Еуропадағы энергетикалық қауіпсіздікті арттыру сынды серіктестіктің нақты негізгі бағыттарын атады. «Батыс елдері Қазақстанға дипломатиялық қадам жасауы керек», - деді Дж. Халсман.
Американдық сарапшының Қазақстан мен Батыс елдері арасындағы серіктестікті нығайтудың маңызы туралы ойын жалғастыра келе Роман Василенко: «Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты, берік экономикалық іргетасы және шетелдік инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар, дипломатия саласындағы бай тәжірибе, сонымен бірге, Қазақстандағы оң оқиғаларды Қазақстанның өсіп келе жатқан геосаяси рөлін қолдайтын төрт тірек ретінде қарастыруға болады. Дипломатия саласында біз Украинадағы қақтығысты тоқтатуға, оның ішінде егер мүдделі тараптар қаласа, біздің аумақта келіссөздер жүргізу арқылы өз үлесімізді қосуға дайынбыз».
- Біз барлық елмен, оның ішінде Ресей мен Қытаймен жақсы қарым-қатынас орнаттық, бұл саясат бізге Сириядағы қақтығыс сияқты халықаралық дағдарыста объективті ұстанымда болуға мүмкіндік берді. Біздің географиялық жағдайымыз саяси және экономикалық тұрғыдан көпір ретінде әрекет етуге мүмкіндік береді, - дейді Роман Василенко.
Өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттілігінің артуына байланысты қазақстандық дипломат бірлескен күш-жігердің арқасында аймақ елдері арасындағы өзара тиімді серіктестік таяу болашақта жемісін беретініне сенім білдірді.
Көпвекторлы сыртқы саясат және әлемдік ахуал тақырыбын қозғай отырып, Қайрат Әбусейітов «Бүгінде көпвекторлы қағидатты ұстанатын елдерге сын-қатер жағдайында дипломатиялық мәселелерді реттеп, тепе-теңдікке қол жеткізу оңай емес», - деп пікір білдірді. «Әлем өте жылдам өзгеруде, әртүрлі сипаттағы сын-қатерлер үнемі, кейде тіпті күнделікті туындайды. Аумалы-төкпелі жағдайда тізгінді тең ұстау оңай емес. Алайда көпвекторлы қағидат әрқашан біздің сыртқы саясатымыздың басты элементі болған және солай қалуға тиіс», - деді Қайрат Әбусейітов.
«Қазақстанның рөлі өте маңызды, өйткені біз Еуропа мен Азия арасындағы көпір ғана емес, Еуразия құрлығының ажырамас бөлігіміз. Еліміз Еуропа үшін азық-түліктің негізгі жеткізушісі болатын әлеуетке ие, алайда бұл бағытта әлі көп еңбек ету керек», - деп сөзін түйіндеді Қайрат Әбусейітов.
Ариэль Коэннің пікірінше, Қазақстан «Орталық Азияның осы аса маңызды өңіріндегі ең дамыған мемлекеттердің бірі. Бұл мемлекет әлемнің осы аумағындағы экономикалық реформалардың көшбасшысы екенін дәлелдеді. Қазақстан көп жағынан Ресейден және аймақтағы басқа елдерден алда», – деді ол.
Коэн Қазақстан мен Еуропа, әлемнің басқа елдері – энергетика, көлік логистикасы және экспорттық газ ағындарын әртараптандыру, агроөнеркәсіптік кешен және азық-түлік тауарларын жеткізу сынды әріптестікті арттыруда айтарлықтай әлеуеті бар салаларды ерекше атады. «Қазақстан өзінің көпвекторлы саясатының арқасында қазіргі санкциялық жағдайда серіктестікті дамытумен қатар, өзінің стратегиялық позициясын сақтап қалуға әрекет жасауда», – деді сарапшы.
Маусым айында ұсынылған баяндама Аспен институтының журналында жарияланды.
Брюссель баспасөз клубы халықаралық салық және инвестициялық орталықтың (ITIC) «Энергия, өсім және қауіпсіздік» (EGS) бағдарламасымен бірлесіп баяндаманың тұсаукесерін ұйымдастырды.