contest-img

Тарихы

Ядролық қауіпсіздік және ядролық қарудан азат әлем үшін жаһандық көшбасшылық альянсын (ЖКА) шақыру жөніндегі бастама Қазақстаннан бастау алады. Бұл ядролық полигон мен әлемдегі төртінші ең ірі әрі қуатты ядролық арсеналды мұра еткен елдің жаһандық антиядролық қозғалыстың тәуелсіз көшбасшысына айналған ерекше тарихына негізделген бастама.

Альянс 2019 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Бұл ұсынысты ол Астана клубының бесінші отырысында жария етті.

Президенттік қызметі барысында Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы саясатының басым бөлігін ядролық қарудан азат әлем құру идеясына арнады. Кейіннен Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде ол ядролық қарусыздану және таратпау мәселелерін ілгерілетуге күш салуды жалғастырды.

2019 жылғы қарашада Астана клубының отырысында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев халықаралық ядролық қауіпсіздік саласындағы сапалы диалогты ілгерілетудің жаһандық маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты ол ядролық қарусыздану мәселелерін алға жылжытуға арналған жаңа жаһандық платформа ретінде ЖКА құру туралы бастама көтерді.

«Біз ядролық қарусыздану бойынша қол жеткізілген келісімдерді сақтау қажеттігін бірнеше рет айттық. Келесі жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың шолу конференциясы қарсаңында осы құжаттың негізгі ережелерінің әмбебаптығын растай түсуіміз қажет. Менің ойымша, шарттан шығу оның қатысушылары үшін халықаралық жауапкершіліктен босатуды білдірмеуі тиіс және бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі деңгейінде тиісті қарарлармен бекітілуі қажет», - деді ол.

Осы бастаманы ілгерілету мақсатында 2020 жылғы 19 қарашада халықаралық саясаткерлер, сарапшылар мен көрнекті қайраткерлер «Жарты түнге дейін 100 секунд: ядролық диалогты жандандырудың стратегиялық сәті» атты онлайн конференцияға қатысты.

Конференция барысында МАГАТЭ-нің бас директоры (1997-2009) Мұхаммед Эль-Барадей бұл бастаманың сәтті болатынына сенім білдіріп: «Президент Назарбаев сенім - бұл жолдың жартысы деп айтқан болатын және сенімнің бар екеніне шүбәсіз сенемін», - деді.

Өз кезегінде Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық науқанның (ICAN) атқарушы директоры Беатрис Финн Қазақстанның Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты (ЯҚТШ) ілгерілетудегі ерекше рөлін атады. Ол Қазақстанның ЯҚТШ-тың күшіне енуін жеделдету бағытындағы «керемет жұмысы мен белсенді күш-жігерін» ерекше бағалады.

Конференция қатысушыларына жолдаған бейнеүндеуінде Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудың жаһандық қауіптілігіне назар аудартып, адамзат тарихындағы ядролық қарудың алғашқы қолданылған жылдардағы қасіретін еске салды.

Хиросима мен Нагасакиге атом бомбалары тасталғанына 75 жыл өтсе де, қолданыстағы ядролық арсеналдарды жою туралы келісімдер толық көлемде орындалмай отыр. Бүгінде әлемде жаңа ядролық қару түрлері әзірленуде, бұл ядролық қарулану жарысының жаңа кезеңін бастау қаупін тудырады. Мұның бәрі ядролық қаруға тыйым салу және оны жою бойынша халықаралық қауымдастықтың шұғыл әрекет ету қажеттігін көрсетеді. Ядролық жарылыстардың апатты салдары оның халықаралық гуманитарлық құқық нормаларына сәйкес қолданылу мүмкіндігін жоққа шығарады.

2020 жылғы онлайн конференцияның қорытындысы бойынша Астана клубының Консультативтік кеңесі атынан ЖКА шақыруды қолдау жөнінде Ашық үндеу (Open Call) жарияланды.

Аталған үндеу БҰҰ-да (№A/75/705) және МАГАТЭ-де (№INFCIRC/955) тіркеліп, бұл екі беделді халықаралық ұйымның ЖКА-ны жаһандық платформа ретінде қолдайтынын көрсетті.

2021 жылғы 17 қараша - Астанада Астана клубының алтыншы отырысы аясында «Жарты түнге дейін бір минут: ядролық диалог үшін әрекет ету уақыты» атты сессия өтті. Бұл іс-шараға ЖКА-ның кейбір мүшесі қатысты. Кездесуде әлемдік державалар арасындағы дағдарысты еңсеру жолдары талқыланып, ғаламдық қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге тиімді жауап беру мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ, Альянстың жұмысындағы ықтимал тақырыптық бағыттар сөз болды.

Сессияның ең маңызды сәттерінің бірі - КСРО-ның бұрынғы президенті, Нобель сыйлығының лауреаты М.С. Горбачевтің ЖКА мүшелеріне жолдаған үндеуі болды. Ол жаңа құрылған платформаға толық қолдау білдіре отырып: «Ядролық қарудан азат әлемнен басқа түпкілікті мақсат болуы мүмкін емес», - деп атап өтті.

Астана клубының алтыншы отырысының қорытындысы бойынша ЖКА-ның стратегиялық дамуын талқылау үшін Ядролық қарусыздану саласындағы жетекші сарапшылардан тұратын ЖКА Стратегиялық жоспарлау тобы (СЖТ) құру ұсынылды.

СЖТ қызметінің үш негізгі бағыты:

1. Ядролық қаруды бірінші болып қолданбау қағидасын бекіту.
2. Теріс қауіпсіздік кепілдіктерін күшейту және географиялық негізде жаңа ядролық қарудан азат аймақтар (ЯҚАА), атап айтқанда Антарктика, Ай, теңіз түбінде, ғарыш кеңістігінде құру.
3. «Ортақ қауіпсіздік» және «адамзаттық қауіпсіздік» қағидаты арқылы ядролық қарудан азат жаһандық қауіпсіздікке қол жеткізу.

2022 жылғы 26 мамырда Венада СЖТ-ның алғашқы отырысы өтті. Жиында ядролық қауіпсіздік, қарусыздану және таратпау саласындағы Альянстың алдағы қадамдары қарастырылды.

ЖКА-ның ерекшелігі - оның құрылымы алғаш рет ядролық қарусыздану, таратпау және ядролық қауіпсіздікті біртұтас ұғым ретінде біріктіруінде. Бұл ЖКА-ға ядролық саладағы басқа бастамалар арасында өз орнын кеңейтуге мүмкіндік береді.
 
2022 жылы 29 қарашада Париждегі «Континенттер диалогы» форумында ЖКА мүшелерінің кездесуі өтті. Жиында жетекші халықаралық сарапшылар «Ядролық соғысты қалай болдырмауға болады?» тақырыбында пікір алмасты. Сарапшылар ядролық қаруы бар негізгі ойыншылар арасындағы жоғалған сенімділікті қалпына келтіру үшін арнайы диалог алаңдарының маңыздылығын атап өтті.

2023 жылғы 6 желтоқсан - Венада ЖКА Стратегиялық жоспарлау тобының екінші кездесуі өтті. Бұл кездесу «Континенттер диалогы» халықаралық форумы аясында ұйымдастырылды.

Қатысушылар қару-жарақты бақылаудың негізгі құрылымдарының күйреуіне және осы саладағы жағдайдың күрт нашарлауына алаңдаушылық білдірді. СЖТ мүшелері ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдар арасында байланыс орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.

Ядролық қауіпсіздік және таратпау мәселелері бойынша қоғамдық түсінікті арттыру қажеттігін ескере отырып, 2024 жылы ақпанда СЖТ ядролық қаруды қолдану қаупіне қатысты Ашық үндеу жариялады. 

Миссия

ЖКА-ның бірегейлігі - оның ядролық қарусыздану, таратпау және ядролық қауіпсіздік ұғымдарын тұтас біріктіруінде. Бұл ерекшелік Альянсқа ядролық саладағы басқа бастамалар арасында өз орнын айқындап, қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

ЖКА-ның миссиясы - ядролық қаруды таратуды және қолдануды болдырмау, ядролық қауіпсіздікті нығайту және түпкі мақсат ретінде ядролық қарудан азат әлем құру идеясымен біріктірілген әлемдік көшбасшылар мен түрлі сала сарапшыларын бір коалицияға жұмылдыру. 

Осы көзқарасты басшылыққа ала отырып, ЖКА өз қызметінің үш негізгі бағытын айқындады:

• Ядролық қаруды бірінші болып қолданбау (No First Use).
• Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайту: қауіпсіздік кепілдіктерін күшейту және жаңа ядролық қарудан азат аймақтар (ЯҚАА) құру (ғарыш кеңістігінде, теңіз түбінде және Айда).
• Ядролық қарудан азат әлемде жаһандық қауіпсіздікке қол жеткізу: қоғам мен адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы.

Сонымен қатар, Альянс Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) орындалуын арттыруға ерекше назар аударады және Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылмаған елдерді қамту үшін батыл әрі шешімді қадамдар жасайды. 

ЖКА бүгінде

Альянс құрылған сәттен бастап Астана клубының Консультативтік кеңесі атынан ЖКА шақыруын (Open Call) 60 адам қолдады.
 
Қазіргі таңда ЖКА 45 елден 87 беделді саяси көшбасшы мен халықаралық сарапшыны біріктіріп, жаһандық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша диалогты дамыту мен нығайтуға қолдау көрсетуде.

Альянстың тарихы, миссиясы, мүшелері және қызметі туралы ақпарат ЖКА-ның www.alliance.global ресми веб-сайтында бар. 

Бөлісу

    Глобальный альянс лидеров за ядерную безопасность и мир, свободный от ядерного оружия (ГАЛ)

    Әлеуметтік навигатор