news-img

Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың гранд-финалы өтті. 

 

Бұл кеш консерваторияның үздік шығармашылық ұжымдарын бір сахнада тоғыстырып, музыка өнерінің палитрасы мен орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейін паш етті. 

 

Симфониялық оркестр, этно-фольклорлық және камералық ансамбльдер, хор және консерваторияның танымал солистері қазақстандық композиторлардың шығармаларын, әлемдік классиканың жауһарларын және бірегей ұлттық туындыларды орындады. Сан түрлі жарқын оқиғаға толы мерейтойлық жылдың нүктесі іспетті болған концерт Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен жоғары деңгейде өтті. 

 

- Мерейтойлық іс-шаралардың гранд-финалы консерваторияның қазақстандық музыка мәдениетінің орталығы ретіндегі мәртебесін айқындады. Бұл оқиға ұрпақтар сабақтастығы мен шығармашылық шабыттың символына айналды. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қорына алғысымыз шексіз, - деді консерватория ректоры Гаухар Тасбергенова

 

23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өткен мерейтойлық марафон көрермендерге 35-тен астам іс-шара ұсынды. Атап айтсақ, концерттер, шеберлік дәрістері, шығармашылық кездесулер, халықаралық конференция және көрмелер. Оған Қазақстанның және шетелдің жетекші музыканттары қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсаходжаева, ресейлік скрипкашы Назар Кожухарь, дирижерлер Алан Бөрібаев пен Абзал Мұхитдинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Измайылов және т.б. бар. Айдың басында Республика Сарайында өткен гала-концертте консерваторияның студенттері мен түлектері заманауи қазақстандық композиторлардың премьералары мен сирек кездесетін классикалық шығармаларын ұсынды. Бұл бірегей іс-шараларды 10 мыңнан астам көрермен тамашалады. 

 

Гранд-финал мерейтойлық іс-шаралардың қорытындысына айналып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қызметіне негіз болған бірлік рухын, шығармашылық энергия мен кемелдікке ұмтылысты бейнеледі.

 

Түсініктеме қалдыру