news-img

Астана күніне орай елордада түрлі мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың ішінде Тұңғыш Президенті музейі ұйымдастырып отырған «Тәуелсіздік келбеті» атты көрмелер топтамасы ерекше маңызға ие.

Жоба аясында музей қабырғасында төрт тақырыптық көрме салтанатты түрде ашылды. Бұл көрмелер тәуелсіз Қазақстанның даму кезеңдерін тарих, мәдениет және сәулет өнері тұрғысынан тереңінен таныстырады.

– Астана күніне орай ұйымдастырылған тақырыптық көрмелер арқылы біз музейлік талдаудың түрлі тәсілдерін қолданып, Тәуелсіздік дәуірінің рухын сезіндіретін мәдени-тарихи кеңістік қалыптастыруды мақсат етеміз. Сонымен қатар, Астананың еліміздің саяси және экономикалық дамуындағы орнын айшықтап көрсетуді көздейміз, – деді Тұңғыш Президент музейінің директоры Күләйша Ақтаева.

«Тәуелсіздік келбеті» атты көрмелер топтамасының ашылу салтанатында елорданың алғашқы сәулетшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Монета сарайының өкілдері және зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.

«Астана – Тәуелсіздік нышаны» көрмесі – жаңа астананың қалыптасу жолына арналған мазмұны жаңартылған көрме. Экспозицияға сәулет макеттері мен қала құрылысының жоспарлары, сирек кездесетін фотосуреттер мен құжаттар, сондай-ақ елорданың саяси және мәдени орталыққа айналуын бейнелейтін тарихи деректер топтастырылған.

«Дәуір белгілері» көрмесі нумизматика мен марапат мәдениетінің тарихи жадымызды сақтаудағы маңызын ашады. Экспозиция ҚР Ұлттық банкі мен Қазақстан Монета сарайының қолдауымен жасақталған. Онда коллекциялық және естелік монеталар, мемлекеттік марапаттар мен түрлі ерекшелік белгілері қойылған.

Монеталар мен марапаттардағы көркем бейнелеу арқылы мемлекеттік идеология мен ұлттық құндылықтар эволюциясы көрініс табады.

«Дәуір. Тұлға. Қоғам» көрмесі – бұл Тұңғыш Президент музейінің қорындағы еңбектер негізінде дайындалған кітап көрмесі. Көрме тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты, реформалар, урбанистика және даму жолдарына қатысты негізгі тақырыптарды қамтиды.

«Шығармашылық сәттері» көрмесі – бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын танытатын жеке көрмесі. Онда 2009-2024 жылдар аралығында салынған пейзаж, анималистика және натюрморт жанрларындағы 82 картина қойылған.

Көрмелер келушілерге бір ай бойы ашық болады. Экспозициялармен танысу үшін мына нөмірлерге хабарласуға болады: +7 (7212) 70 83 65, +7 702 258 66 08.


 

Бөлісу