Қостанай қаласында облыстың 40 мұғалімі спорттық робототехниканы үйреніп жатыр
«Инженерлік бөлім және спорттық робототехникада кең ауқымды қолдану үшін роботтарды бағдарламалау». Бұл Қостанайда өтіп жатқан мұғалімдерге арналған оқу-жаттығу жиынының атауы. Іс-шара аясында облыстың 40 мұғалімі спорттық робототехниканы үйренеді. Облыстық білім басқармасы мен «Роботек» робототехника мектебімен бірлесіп өткізілген игі іске Нұрсұлтан Назарбаев Қоры демеуші болған.
Курс информатика\робототехника мұғалімдерінің білім деңгейін арттыруды көздеп отыр. Бұл үшін білікті мамандар арнайы шақыртылған. Мәселен, робототехника бойынша Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы, 21 жүлдегер команда дайындаған Олжас Айтжанов білімімен бөліседі. 3 күнге жалғасатын курста теориямен бірге, тәжірибелік сабақтар да қарастырылған. Оқу соңында әрбір қатысушы өзінің кәсіби біліктілігін арттырғанын растайтын сертификат алады.
Айта кетейік, Астанада былтыр «Роботек» робототехника мектебі осы курсты информатика мұғалімдеріне өткізген. Тамыз айында Ақмола облысының ұстаздары үшін Көкшетау қаласында дәл осындай жиын болған еді. Курстың пайдасы шаш етектен, қазір информатика мұғалімдері жиған-терген білімі мен тәжірибесін облыстық маңызы бар мектептермен бөлісіп жүр.