«Qolqanat» акциясы аясында жүздеген отбасыға қолдау көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бастамалары арасында қайырымдылық бағытындағы жобалардың орны ерекше.
Соңғы бес жыл ішінде Қор мен «Madeni Qazyna Qory» қоғамдық қоры бірлесіп, «Qolqanat» атты ауқымды акцияны жүзеге асырып келеді. Игі бастама аясында әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасыларға азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар таратылды.
Мұқтаж, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алды.
Азық-түлік пен гигиеналық құралдар ірі қалалармен қатар Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының шалғай ауылдарына дейін жеткізілді.
Акция барысында ұн, қант, өсімдік майы, жарма, консерві және күнделікті тұрмысқа қажет заттар бар 500-ге жуық себет дайындалып, таратылды.
- Мұқтаж жандарға қол ұшын созу – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ізгі дәстүрі. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Акцияның сәтті өтуіне үлес қосқан серіктес ұйым мен еріктілерге алғысымыз шексіз. Біз бұл істі жан-жақты ұйымдастырып, логистикадан бастап, әр отбасыға дербес жеткізуге дейін барынша мұқият жұмыс істедік, - деді Қордың атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
- Көмектеріңізге көп рахмет! Бұл отбасымыз үшін үлкен демеу, - деді алғашқы қажеттіліктегі тауарлар алған жандар.