news-img

Никита Самцов Көкшетау гуманитарлық-техникалық академиясының «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша 4-курста оқиды. Ол бірнеше IT-жобаны сәтті жүзеге асырып, өңірлік байқауларда жеңіске жетіп, стартап-мектептерге қатысқан, бағдарламалау мен стратегиялық ойлау әлемінде мол тәжірибесі бар.

Никита сырт көзге әртүрлі, бірақ бірін-бірі толықтыратын шахмат пен бағдарламалауға қызығады. Бірі стратегиялық ойлауды дамытса, екіншісі жаңа технологиялық шешімге жол ашады. Шахмат күрделі сәтте сабыр сақтауды үйретсе, бағдарламалау заманауи әлемді жеңіл әрі қолжетімді ететін құрал. Никитаның пікірінше, дәл осы логика мен шығармашылық түйіскен кезде мықты идеялар туындайды.

Солардың бірі балаларға арналған «QazKids» мобильді қосымшасы. Бұл жоба арқылы Никита Aqmola Hub ұйымдастырған «Pizza Pitch» байқауында жеңімпаз атанды. Бұған дейін ол Astana Hub-тың өңірлік бөлімшесі аясында студенттерге арналған тәжірибелік базаларды іздеуге көмектесетін «WorkU» платформасымен жұмыс істеген. Сондай-ақ, «AQMOLA POWER» байқауында IT бағыты бойынша жүлдегер атанып, Astana Hub ұйымдастырған Startup Academy бағдарламасын аяқтады. Цифрлық шешімдер мен инновациялық сервисті дамытуға қосқан үлесі үшін білім ордасы алғыс хатпен марапаттаған.

Шәкіртақыға өтініш беру Никитаның кәсіби өсу жолында жасаған қисынды шешімі болды. Ол бұл мүмкіндікті өзінің дамуы үшін ғана емес, қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыру үшін де қажет деп санайды.

– Стипендия мен үшін өсу мен дамуға жол ашатын мүмкіндік. Бұл атқарылған еңбектің бағалануы әрі болашақ алдындағы жауапкершілік. Ол жаңа білімге бастайды, мақсатқа жетуге жігерлендіреді, сенім үдесінен шығып, қоғамға пайдалы болуға, өзгеге үлгі көрсетуге серпін береді, – дейді Никита Самцов.

«Әрқайсыңыздың бойыңызда ашылмаған үлкен әлеует бар. Армандаудан қорықпаңыз, бар ынтамен оқып, табанды түрде еңбек етіңіз. Биік белеске жетуге талпыныңыз. Өзін-өзі дамыту – дамудың негізі, ал табыстың бастауы – өз күшіңізге деген сенім. Әр мүмкіндікті пайдаланып, өзіңізге сеніңіз және күн сайын жаңа биіктерге қадам жасаңыз», - деді байқауға қатысуды ойлап жүрген жастарға Никита.

Бөлісу