news-img

Назарбаев орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының лауреаттары мен еліміздің талантты жастарымен кездесті.

Кездесуге Елбасы Қоры жанындағы ІТ-Кеңес, Ғылым және мәдениет Кеңесі мүшелері мен Қордың қолдауы арқасында өз идеяларын жүзеге асыра алған талантты жастар қатысты. Олардың қатарында жас ғалымдар, инноваторлар, мәдениет қызметкерлері мен әлеуметтік жобаны ойлап тапқан талантты жастар мен еліміздің әр өңірінің дарынды балалары болды.

Қор жастарға түрлі байқаулар мен жобаларды ұйымдастыру арқылы қолдау көрсетеді. Мәселен, 2008 жылдан бастап «Талантты жас қазақстандықтардың жүлдесі» талантымен көзге түскен жасты мойындап, оған қолдау көрсету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. Бүгінгі күнде Елбасы Қорының осындай 258 лауреаты бар. 

Қордың тағы бір беделді байқауларының бірі – еліміздің жүздеген ақын-жазушыларының жыл сайын басын қосатын «Алтын тобылғы» әдеби байқауы.

 Сондай-ақ, Қор жас стартапшылардың инновациялық жобаларына грант бөлу арқылы оларға қолдау көрсетіп отырады.

Шара барысында сыйақы лауреаттары мен Қор жобаларының қатысушылары өз идеяларын таныстырып, атқарылып жатқан жұмыс пен болашаққа жоспарларымен бөлісті.

Мысалы, жас ІТ-құрастырушы Бақытжан Байжикенов өзі ойлап тапқан «Wunder» жобасы туралы айтып берді. Информатикадан Бүкіләлемдік олимпиаданың алтын жүлдегері, түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпазы Бақытжанның жобасы  – бағдарламалауды оқытатын онлайн-мектеп.  Онда білім алу үшін түрлі құрал, яғни видео дәрістер, кітаптар, тәжірибелік сабақтар, вебинарлар мен конференциялардың бәрі қамтылған. Бүгінде онда оқып жүрген білім алушылардың саны 2 мыңнан асқан.

Екінші инноватор Тимур Рыспеков болса, Елбасы Қорының гранты иегері ретінде өз командасымен бірге Халықаралық «NASA SPACE APPS CHALLENGE» (АҚШ) байқауынан бірінші орын алғандарын жеткізді. Ғарыш пен Жерді зерттеуге бағытталған халықаралық байқауда Тимур командасымен бірге кездейсоқ сандардың кванттық генераторын ойлап тапқан. Фотондардың түрлі мінездемесінің арқасында құрылғы кездейсоқ ақпаратты өңдеп, ол әрі қарай жеке мәліметтерді қорғауға,  қаржылық тәуекелдің алдын алуға мүмкіндік беретін криптографияда қолданылады. Медициналық салада құрылғыны түрлі дәрі-дәрмек жасау үшін кен өндіру ісінде қолдануға болады.

          Өз идеясын сәтті жүзеге асыра алғандардың тағы бірі – Елбасы Қорының лауреаты Нұрбек Надиров. Ол «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында» травматолог-дәрігер, ортопед болып қызмет атқарады, PhD докторы. Оның идеясының ерекшелігі – ол балалардың омыртқасының қисаюын транспедикулярлы арқа жүйесі көмегімен үшжазықты хирургиялық түзетудің   бірегей отандық тәсілін ойлап тапты.

Ал, Айсұлу Жұмбаева Қор қолдауы арқасында Жастардың песпективті орталығы әлеуметтік жобасын жүзеге асырғаны туралы айтып берді. Орталықта жастар полиграфия, аспаздық өнер, қолөнер және т.б. салалар бойынша оқытылады әрі орталық жұмысқа орналасуға да қол ұшын созады.       

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге Елбасы Қорының жаңа бастамасы «Ел үміті» жобасының қатысушылары да келді. Жоба талантты жастарға кешенді қолдау көрсетуді, яғни оқу орнындағы үздіктерді анықтап,әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өткізуді, жастарға грант бөлуді көздейді. Жоба қатысушылары – оқу үздіктері, түрлі интеллектуалдық  байқаулар мен олимпиада жеңімпаздары.

Елбасымен кездесу барысында «Ел үміті» бастамасы аясында халықаралық олимпиада жеңімпаздарына алғаш рет «Ел мақтанышы» сыйлығы табыс етілді.

Жоба қатысушыларының әрқайсысы «Ел үміті» жобасы аясында «Ел мақтанашы» сылығының лауреаты атанып, 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықты иеленді. 

«Ел мақтанышы» сыйлығы мектеп оқушылары мен ұстаздарды жаратылыстану ғылымында жоғары нәтижеге жетуге ынталандыру үшін беріледі.  Ол математика, химия, физика, информатика, биология, географиядан өтетін халықаралық беделді олимпиадалардың жеңімпаздарына тағайындалады. Мәселен, осындай додада алтын медаль иеленген оқушы мен оны дайындаған ұстазына 2 млн. теңге сыйақы табысталады.   Күміс жүлде үшін әрқайсына 1 млн. теңгеден берілсе, қола медальға 500 мың теңгеден беріледі.

          Кездесу кезінде Республикалық физико-математикалық мектептің (Алматы қ.) түлегі, Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетінің студенті Батыр Сардарбеков өз ұстазы, информатикадан Қазақстан командасының  жаттықтырушысы Темірлан Сатылханов екеуіне 2 млн. теңге сыйақыны Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі табыстады.

Батыр Сардарбеков пен оның ұстазы аталмыш сыйлықты информатикадан өткен халықаралық олимпиадада алтын медаль иеленгені үшін (Әзірбайжан, 2019), Жәутіков атындағы Халықаралық олимпиада (Қазақстан, 2019),  2018 және 2019 жылдары Республикалық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткендері үшін тағайындалды.  

Өз жетістікке жету жолымен бөліскен жас таланттар кездесу соңында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және Елбасы Қорына жастарды дамытуда көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдау үшін алғыстарын білдірді.

Елбасының «Ел үміті» бастамасы мен ғылым және мәдениеттегі талантты жастарды қолдауға бағытталған Қор бағдарламалары елімізде дарынды жастардың көп екендігін көрсетіп отыр. Олар жас болса да, креативті ойлайтын, инновациялық идеялары бар, шығармашылық қабілеттерін көрсете алатын  талантты жастар. Мұндай жастарды жан-жақты қолдау – Қазақстанның стратегиялық міндеті, ал Қор үшін – басты мақсат.

Медиа жаңалықтар
Түсініктеме қалдыру