Сеулде Корей түбегін ядролық қарусыздандыру мәселелері бойынша II Қазақстан-Корей форумы өтті
Елбасының Қоры Сеул қаласында (Корея Республикасы) Корей түбегін ядролық қарусыздандыру мәселелері бойынша II Қазақстан-Корея форумын ұйымдастырды.
Іс-шара 2018 жылғы тамызда жасалған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Korea Foundation арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асырудағы тағы бір қадам болды.
Форумға Корея Республикасының мемлекеттік қызметкерлері, Корея Республикасының Сыртқы істер министрі, дипломатиялық корпустың өкілдері, Сеул ұлттық университетінің профессорлары мен ғалымдары, ядролық қарусыздану және ядролық қауіпсіздік саласындағы сарапшылар қатысты.
Қазақстандық делегация құрамына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының басшылығы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Стратегиялық зерттеулер институты, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының басшылары кірді.
Форум барысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары, профессор Игорь Рогов: «Қазақстан мен Оңтүстік Кореяны саяси және экономикалық байланыстар ғана емес, сонымен қатар ядролық қауіпсіздік саласындағы жалпы мәселелер де байланыстырады. Біздің еліміз ядролық мұраның азабын басынан өткерді. Бүгін Тұңғыш Президент Қоры Қазақстанның ядролық қарусыздану тәжірибесіне қызығушылық танытқан кореялық сарапшыларға өздерінің қазақстандық әріптестерімен сөйлесе алатындай платформаны жасады».
Өз кезегінде Korea Foundation президенті, профессор Ли Гонг Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлемді қалыптастырудағы үлкен рөлін атап өтті: «Екі Қордың жұмысы ядролық қарусыздану мәселесін жан-жақты талқылайтын дәл осындай жоғары сапалы алаңдарды құрудан тұрады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басшылығымен Қазақстан ядролық қауіпсіздікке өлшеусіз үлес қосты. Қазақстандық тәжірибе біз үшін өте маңызды. Менің ойымша, бұл жұмыс форматы жалғасады және форумға басқа елдер қосылады», - деді.
Тараптар атап өткендей, бұндай форумдар басқа мемлекеттер мен ұйымдарға бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған прогрессивті идеялар туралы өзіндік хабарлама болып табылады, яғни жаһандық қауіпсіздік мақсатында үлкен халықаралық диалогқа қосылуға шақыру.