news-img

Университеттегі баскетболдан әйелдер ұлттық құрамасының капитаны, баскетбол және стритболдан қалалық жарыстар мен турнирлердің белсенді қатысушысы. Әлеуметтануға ғылым ретінде қызығушылық танытады, музыкамен айналысады, фортепианода ойнайды, сурет салады, психологиямен әуестенеді. Осының бәрі әл Фараби атындағы ҚазҰУ «Әлеуметтану» мамандығының 4-курс студенті Лия Югаймен әдемі үйлесімде болып тұр.

Ол осы уақытқа дейін көптеген марапаттарға ие болды. Солардың ішіндегі ең мықтылары мыналар: 12 жасында «Жас музыкант 2013» байқауының лауреаты атанды, 2019 жылы республикалық пәндік олимпиадада ғылыми зерттеулер бойынша І орын, «Нархоз» университетіндегі әйелдер командалары арасындағы «Narhoz Cup» жарысында I орын, әйелдер командалары арасындағы студенттердің ұлттық баскетбол лигасында (NBSL) II орын (2017-2018, 2018-2019 маусымдары), стритболдан «Winter Jam 2018» жарысында 18 жасқа дейінгі қыздар санатында III орын, әйелдер командалары арасындағы стритболдан Қазақстан Республикасының Чемпионатында (2020) II орын алды.

- Мен құрбы-құрдастарыма әрдайым өз-өзін дамытып отыруға кеңес берер едім. Қазіргі буынға қатысты үлкен түйткіл – олардың көбі шын мәнінде не істеу керектігін, қай бағытпен жүру қажеттігін білмейді. Мұндай жағдайда тәуекелге барып, жаңа нәрсені істеп көру керек. Сонда ғана нәтиже, мол тәжірибе мен білім болады. Мақсатты ісіңді алдын ала жоспарлап, оған қол жеткізу керек. Үнемі өзіңе сенуің керек, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты Лия Югай жас отандастарына.

Бойжеткен стипендияны алуға іздену үшін өткізілетін байқау туралы студенттердің дамуына үнемі жаңа мүмкіндік беріп отыратын өз кафедрасынан білген.

- Қордың жас ұрпаққа өз талантын танытуға мүмкіндік беріп отыруының маңызы зор. Ұжым студенттерге зиялы қауым мен ғылымның ортасын көрсетеді. Мен Қордағыларға жылы шыраймен қарсы алғаны, жақсы қарағаны, шыдамдылық танытқаны үшін және қазақстандықтардың өздерін қызықтыратын салада дамуына берген мүмкіндіктері үшін зор алғыс айтамын! – дейді дарынды стипендиат.

Түсініктеме қалдыру