news-img

Бүгін «Елбасы медалі» жобасының жеңімпаздары мен танымал тиктокерлер Алина Ким (@hommm9k) және Әбдіқадыр Наурызбек (avdi_senpai) Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаевамен кездесті.

         Кездесу ұл-қыздардың Нұр-Сұлтан қаласына 5-6 шілдедегі саяхаты барысында өткізілді. Олар қалаға көрнекті жерлерді аралау үшін келген.
         Кездесу Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы мұражайының ғимаратында өткізілді. Қор басшысы осы Қор жүзеге асырып жатқан жобалар мен оның жұмысы туралы айтып берді. 
         – Сіздер, «Елбасы» медалі жобасының алғашқы қатысушылары, осы жобада жетістікке жету жолындағы қиын кезеңдерден өттіңіздер. Сондықтан сіздер көптеген жастарға үлгі бола аласыздар. Басқаларға тәлім беру арқылы осы жобаға қолдау көрсете бересіздер деп үміттенемін. Әрқайсыңызға жаңа белестер мен жетістіктер тілеймін, – деді Дариға Назарбаева кездесу барысында.
         Ол «Елбасы медалі» ұл-қыздарға жаңа ілімді меңгеріп, тәжірибе жинақтап қана қоймай, қатарластарымен және ата-аналарымен қарым-қатынасты нығайтуға көмектесетінін баса айтты.
         «Елбасы медалі» жобасын іске асыру барысындағы 2 жыл ішінде оған 21 мыңға жуық жас қатысқанын айта кетейік. Олардың арасында үздік шыққандар өз қарым-қабілетіне байланысты алтын, күміс немесе қола медаль алады.
         Елбасы медалінің иегерлері білім беру гранттарын тағайындау кезінде заңда белгіленген ережемен басымдыққа ие бола алады.


         Жеңімпаздар мен жобаға қатысушылар одан алған әсерлері мен естеліктерін айтып берді. «Маған волонтерлік бұрыннан ұнайтын. Бірақ армандарым көбіне тек идея күйінде қалып қоятын. Алдыңа мақсат қойып, оған жету жолында тиянақты іс жасауың керек жобаға келгенде, мен әрекет ете бастадым. Көп ұзамай достарымызбен бірге Ақсу қаласында қайырымдылық қорын тіркедік. Бүгінгі күнге дейін 500-ден астам отбасыға көмек көрсетілді. Сондай-ақ, танымал музыкант, Грэмми иегері Иманбек Зейкенов біздің қорға 1 миллион теңге аударды. Нұрсұлтан Әбішұлына бізді өз бойымыздағы жаңа қырларымызды ашуға жетелегені үшін алғыс айтамын», - деді Елбасы қола медалінің иегері, студент Данияр Рымбаев.
         Жобаның бүкіл елде еріктілер қозғалысының тұтас толқынын бастап бергенін атап өткен жөн. Мысалы, Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары медицина қызметкерлерінің балаларына ағылшын тілін оқытты. Ал атыраулықтар жасыл ағаш отырғызу акциясын ұйымдастырды. «Экологиялық ахуал тақырыбы біздің аймақ үшін өте өзекті. Жобаға қатысу барысында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, көшеттер отырғызып, сенбіліктерге қатыстық», - дейді 17 жастағы белсенді Асман Аманжол.
        Елбасы қола медалінің иегері, семейлік Еркежан Жүнісова да өз әсерін былай деп бөлісті: «Мен жобаға тіркелгенде, өмірім сондай керемет болып кетеді деп ойламаппын! Жобаға қатысушылардың атынан Елбасымызды туған күнімен құттықтағым келеді! Осындай тамаша жоба үшін Сізге көп рахмет. Он мыңдаған бала өз-өзін жетілдіруге және мақсатына жетуге мүмкіндік алды!»
         Елорда қонақтары үшін «Damyty Ortalygy-на» экскурсия ұйымдастырылды. Мұнда балалар STEAM-зертхананың жұмысымен танысты.
         Жастар Нұр-Сұлтанда «Нұр Әлем» павильонын, Astana Hub-ты және басқа да нысандарды аралады.

Түсініктеме қалдыру