«Qolqanat» қайырымдылық акциясындааясында 2000 отбасыға көмек көрсетілді
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ең басты бағыттарының бірі – қайырымдылық көмекті жүзеге асыру.
Қор 4 жылдан бері «Madeni Qazyna Qory»қоғамдық қорымен бірлесіп, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мақсатында «Qolqanat» акциясын ұйымдастырып келеді. Бұл іс-шара арқылы аз қамтылған, көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға азық-түлік пен бірінші қажеттілік тауарлары жеткізіледі.
Биылғы шара жаз және күзде өтті. Оған еліміздің 17 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қаладағы шамамен 2000 отбасы қамтылды. Әр өңірде 100 шаңыраққа көмек көрсетілді. Көмек тек ірі қалаларға ғана емес, шалғай ауылдық аймақтарда да жетті.
Әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға ұн, қант, жарма, консервіленген өнімдер, картоп, пияз, қырыққабат, кәмпиттер, шай, халва, күнбағыс майы, макарон өнімдері және гигиеналық тауарлар – сабын, тіс пастасы, кір жуатын ұнтақ, сусабын берілді.
«Мұқтаж жандарға көмек көрсету халқымыздың басты қасиеттерінің бірі. Сондай-ақ бұл ел Президентінің бастамасы. Осы акцияны жүзеге асыруға көмектескен серіктестеріміз бен бейжай қарамаған еріктілерге алғысымызды білдіреміз. Қыруар жұмыс атқарылды! Логистика реттеліп, мұқтаж жандардың тізімі жасалды, тауарларды орау және олардың жеткізілуі қамтамасыз етілді», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
«Қол ұшын созып, бізге көңіл бөлгендеріңіз үшін көп рахмет! Бұл азық-түлік бізге 1,5-2 айға жетеді. Отбасымыз үшін бұл үлкен қолдау», – деп өз алғыстарын білдірді аймақ тұрғындары.