image-main

Байқаудың өткізілу уақыты: 06.09.2019 - 01.10.2019

6 қыркүйектен бастап «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында халықаралық онлайн-турнир бастау алады. 

Турнирді  осымен төртінші рет Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры өткізеді.

Жобаның мақсаты: дарынды балаларды анықтау, қазақ халқының тарихы, мәдениеті туралы білімдерін жетілдіру мен тереңдету, әлемді танып-білуге қызығушылығын арттыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, шығармашылық белсенділіктерін арттыру, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету.

Алғаш рет «Кім білгіш?» турнирі 2016 жылы өткізіліп, республикалық турнир мәртебесіне ие болған, ал 2019 жылдан бастап халықаралық дәрежеге көтерілді. Енді турнирге жақын және алыс шет елдерде тұратын этникалық қазақтардың жоғарғы сынып оқушылары қатыса алады. Ойын жыл сайын жаңа сұрақтармен толықтырылып, жаңартылып отырады, өткен жылы ағылшын тіліндегі нұсқасы жасалды.

Алдыңғы үш ойын нәтижесі бойынша республиканың әртүрлі аймақтарынан келген 30 жоғарғы сынып  оқушысы арнайы диплом мен ноутбук, планшет және смартфон сияқты бағалы сыйлықтарға ие болды.

«Кім білгіш?» ойыны спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлемде, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптарындағы 35 мыңнан астам сұрақтардан тұратын мобильді қосымша. Онлайн-турнир «Кім білгіш?» интеллектуалды ойыны қатысушылар арасындағы сайыс түрінде өтеді, ойыншы алты раунд бойы түрлі категориялардағы сұрақтарға жауап беруі қажет. Ойын жеңімпазы дұрыс жауаптар саны бойынша анықталады. Турнир қатысушының қалауы бойынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде өткізіледі.

Онлайн-турнирге қатысу өтінімдерін қабылдау мерзімі — 2019 жылдың 5 қыркүйегінен 1 қазанға  дейін. Онлайн турнирге www.qazaq-found.kz  сайтының арнайы байқау парақшасына қатысуға алдын-ала өтінім жіберген республиканың және шет елдің жоғарғы сынып оқушылары (9,10,11 сыныптар) қатыса алады.

І және ІІ тур 2019 жылы 1 қазанынан 20 желтоқсанға дейінгі аралықта онлайн режимінде өтіп, қорытынды тур  Нұр-Сұлтан қаласында болады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі  2019 жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласының «Назарбаев орталығы» ғимаратында өткізіледі. Финалда ең үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталады. Турнирдің «жеңімпазы» атанған шетелдік қатысушылар «Отандастар» қорының арнайы жүлдесіне ие болады.

Анықтама телефоны: 8 (7172) 27-26-09

Ережені жүктеу

Түсініктеме қалдыру