news-img

«Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасында  5 мың финалистің  есімі анықталды. Олар ауыл мектептерінің 5 және 6 сыныбында оқиды.

«Мың бала» олимпиадасы үшінші жыл қатарынан қабілетті ауыл оқушыларын анықтап келеді. Жеңімпаздар дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады. «Мың бала» олимпиадасын Елбасы Академиясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен серіктестікте бірлесіп өткізеді.

«Жыл сайын ауыл мектептеріне арналған "Мың бала" олимпиадасының бірінші кезеңі онлайн форматта арнайы әзірленген платформада өткізіледі, оның ерекшелігі  - олимпиаданың барлық процестері, яғни өтінім беруден бастап, бір сәтте 20 мың адамды онлайн тестілеуден өткізуге дейін автоматтандырылған. Бірінші кезеңге қатысқан оқушылар  Интернетке қосылған барлық құрылғылар мен компьютерлер арқылы кіруге мүмкіндігі болды. 

Біз еліміздің көптеген ауылдарын қамти алдық. Олимпиадаға 146 мыңнан аса оқушы тіркеліп, онлайн тестілеуге 132 мыңға жуық оқушы қатысты. Тесттер кеңістіктік және логикалық ойлау қабілеттерін бағалауға бағытталған. Олимпиаданың шекті балы 5 сыныпта 347,28 болса, ал 6 сыныпта 347,13 балды құрады. Еліміз бойынша Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының оқушылары жоғары көрсеткіш көрсетті», - деп хабарлады «Елбасы Академиясы» КҚ  директоры Асланбек Амрин. 

Олимпиада екі кезеңнен тұрады. I кезең 4-13 сәуір аралығында онлайн форматта өткізілді. Ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың II кезеңіне өтеді. Олимпиаданың барлық қатысушылары жеке кабинеттерінде I кезеңнің тестілеу нәтижелерін көре алады.

II кезең 2022 жылдың 27-29 сәуірінде өңірлік тестілеу орталықтары базасында өтеді. Финалистер математикалық сауаттылық, (қазақ тілінде білім алатын оқушыларға) қазақ тілі, (орыс тілінде білім алатын оқушыларға) орыс тілі, ағылшын тілі және жаратылыстану ғылымдары бойынша академиялық білімдерін бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді. 

Олимпиада жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады. 

2022 жылғы “Мың бала” олимпиадасының финалистерінің тізімі

2021 жылғы “Мың бала” олимпиадасының 5-сынып жеңімпаздары II кезең

Түсініктеме қалдыру