news-img

Алматыда академик Қ.С.Сәбденовтың 90 жылдығына арналған «Ғылымдағы сабақтастық аграрлық ғылым мен өндірістің тұрақты дамуының негізі» атты жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Іс-шараны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ұйымдастырды.

Іс-шараға Қазақстаннан және жақын және алыс шетелдерден 12 елден 400-ге жуық жас ғалым мен студент қатысты. Олардың қатарында әлемге әйгілі ғылыми қоғамдастықтың өкілдері мен халықаралық сарапшылар бар. Сонымен қатар, ҚР ҒЖБ, ҚР АШМ өкілдері, ғылыми-консультациялық ұйымдардың, қауымдастықтар мен бірлестіктердің төрағасы, ҒЗИ директорлары, еліміздің өңірлік жоғары оқу орындарының жас ғалымдар кеңесінің төрағалары, мүшелері қатысты.

Форум сегіз тақырыптық бағыт бойынша жұмыс істеді: зооинженерия және мал шаруашылығындағы технологиялар; ветеринариялық медицина және санитария; агробиология, топырақтану, өсімдіктерді қорғау және экология; ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және азық-түлік қауіпсіздігі; АӨК-тегі агроинженерия және ІТ технологиялар; су, орман және жер ресурстарын ұтымды пайдалану; экономика, АӨК-тегі менеджмент және аграрлық құқық; әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар. 

- Бүгінде университет жаңа білім беруде ғана емес, инновациялық қызмет арқылы осы білімді тарату мен пайдалануда да белсенді. Университетте оқудың ерекшелігі, мамандарды даярлау ғылым арқылы жүреді. Мұндай іс-шараларды халықаралық деңгейде өткізу ЖОО-ның білім, инновация, құзыреттілік сынды зияткерлік капиталды қалыптастыру орны екенін тағы да растайды, - дейді Қаз ҚазҰАЗУ жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Қуантар Әлиханов.

8 секциялық отырыста үздік баяндама иесі іс-шара серіктестерінің бірі Нұрсұлтан Назарбаев Қорының дипломдарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Сонымен қатар, конференция аясында жас ғалымдардың ғылыми жетістіктерінің көрмесі мен қатысушылар үшін шеберлік дәрістері ұйымдастырылды.

Жиын нәтижесінде жас ғалымдар өз елдерінің аграрлық секторын инновациялық дамыту үшін жекелеген бағыттар бойынша идеясын ұсынды.

 

Түсініктеме қалдыру